Ақмола облысында суретшілер сайлау сәттерін кенепке түсірді

Бүгін, 19:13 / Ербұлан Қайрат

Ақмола облысы Целиноград ауданындағы екі сайлау учаскесінде дауыс беру күнін бейнелеуге арналған шығармашылық бастама өтті. Бұл туралы Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмол ауылындағы №733 және Ыбырай Алтынсарин ауылындағы №687 сайлау учаскесіне келген тұрғындар Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады. Ал суретшілер Ұлдана Ниязбекова мен Айжан Қайратқызы Искендирова осы күннің ерекше сәттерін кенепке түсірді.

Қылқалам шеберлері сайлаушылардың көңіл күйін, эмоциясын және учаскелердегі атмосфераны бояулар арқылы жеткізуге тырысты. Нәтижесінде дауыс беру сәттері бүгінгі күннің көркем шежіресіне айналды.

«Әр адамның таңдауы ел тарихының бір бөлшегі. Бүгінгі күнді сурет арқылы жеткізгіміз келді. Адамдардың көңіл күйі мен азаматтық белсенділігін кенепке түсіру біз үшін маңызды болды», деді шығармашылық бастамаға қатысушылар.

Өнер мен қоғамдық өмірді сабақтастырған бастама Целиноград ауданындағы сайлау күнінің есте қаларлық көріністерінің біріне айналды.