«Велосипедпен – сайлауға»: Алматы облысында велошеру ұйымдастырылды

Бүгін, 18:45 / Дана Ізтілеуова

Құрылтай депутаттарын сайлау күні Алматы облысы Талғар ауданында 15 кәсіби велошабандоз аудан көшелерімен жүріп өтіп, шеру аяқталған соң сайлау учаскесіне барып, дауыс берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Велошеру түрлі жастағы спортшылардың басын қосып, салауатты өмір салты мен спортты ел үшін маңызды оқиғамен ұштастыруға мүмкіндік берді.

«Бұл акция азаматтық ұстаным әр адам өмірінің ажырамас бөлігі екенін көрсетті. Спорт пен қоғам алдындағы жауапкершілік тоғысып, бірін-бірі толықтырды», – деді Алматы облысының велоспорттан аға жаттықтырушысы Евгений Пеляйкин.

Талғардың велоспорт мектебі Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы жетекші мектептердің бірі саналады. Мұнда спорт резерві дайындалады. Тәрбиеленушілер жастар және ересектер құрамасына тұрақты түрде еніп, Қазақстан намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғап жүр.

Спортшылардың велошеруі сайлау учаскесінде аяқталды. Кейін олар учаскеге кіріп,  бюллетеньдерін алып, Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауында өз таңдауын жасады.