ОҚО Мақтаарал ауданындағы Алғабас ауылының Қорғанбаев көшесінің тұрғындары «Көшемізбен дауыс береміз» челленджіне қатысып, Құрылтай сайлауында бірге дауыс берді. Көшенің 30-ға жуық тұрғыны №423 сайлау учаскесіне ұйымдасқан түрде барып, өз таңдауларын жасады. Бір көшенің тұрғындарының бас қосып, ел үшін маңызды науқанға бірге қатысуы ауылдағы ынтымақ пен ауызбіршіліктің жарқын көрінісіне айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Біз бір көшеде тұрып, бір-бірімізбен күнделікті араласамыз. Қуанышымыз да, қиыншылығымыз да ортақ. Сондықтан ел үшін маңызды күнде де бірге болғанды жөн көрдік. «Көшемізбен дауыс береміз» деп өзара ақылдасып, осылай жиналып келдік. Әр азамат өз таңдауын жасауы керек деп ойлаймыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын», – деді Қорғанбаев көшесінің тұрғындарының бірі.
Бір көшенің тұрғындары ретінде ұйымдасып дауыс беру азаматтардың қоғамдық белсенділігін ғана емес, ауылдағы өзара сыйластық пен бірлікті де көрсетеді. Мұндай бастамалар көршілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, елдік мәселелерге ортақ жауапкершілікпен қараудың маңызын айқындайды. «Көшемізбен дауыс береміз» челленджі арқылы Қорғанбаев көшесінің тұрғындары Құрылтай сайлауына бірге қатысып, маңызды күнді өзара ұйымшылдықпен өткізді.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 62 сайлау учаскесі бар. Оның 59-ы ашық, 3-еуі жабық. Аудан бойынша 69 167 сайлаушы дауыс беру құқығына ие.