Өзгеріс әр азаматтың сайлаудағы белсенділігінен басталады – Руслан Гайбатов

Бүгін, 17:57 / Алуа Арман

«Kazakhstan Active Rehabilitation» қоғамдық қорының жетекшісі, Маңғыстау облысының қоғамдық белсендісі Руслан Гайбатов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты. Оны Ақтаудағы №267 сайлау учаскесіне мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тегін тасымалдауды қамтамасыз ететін «Инватакси» қызметі жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Руслан Гайбатов Жаңаөзен қаласында туып-өскен. Бүгінде Ақтау қаласында тұрады. Ол өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыру, экология және көгалдандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді.

Қоғам белсендісінің айтуынша, сайлауға қатысу – азаматтық ұстанымды білдірудің және қоғамның дамуына жеке үлес қосудың бір жолы.

“Сайлауға қатысу – азаматтық ұстанымыңды нақты білдіруге мүмкіндік. Мен қоғамдық және саяси өмірге белсенді араласуға, шамам келгенше өңірдің дамуына үлес қосуға тырысамын. Әр сайлау науқанынан кейін халық нақты өзгерістер мен реформаларды күтеді. Алайда сайлау учаскесіне барып, бәрі өздігінен өзгереді деп күту дұрыс емес. Әр азамат қоғамдық өмірге белсенді араласып, болып жатқан жағдайға жауапкершілікпен қарауы керек. Оң өзгерістер көп жағдайда өзімізге, бастамамызға және белсенді азаматтық ұстанымымызға байланысты деп есептеймін. Еліміз тек алға қарай дами береді деп сенемін” , – деді Руслан Гайбатов.

№267 сайлау учаскесінің төрағасы Кенжегүл Сүйесінованың айтуынша, учаскеде екі мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Олардың қатарында алғаш рет дауыс беретін 53 азамат және 19-35 жас аралығындағы 773 сайлаушы бар. Ал 80 жастан асқан азаматтардың саны – 30.

Тэгтер:

сайлау Құрылтай