Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов Құрылтай сайлауында таңдау жасады

Бүгін, 16:19 / Алуа Арман

Қазақстанның халық әртісі, актер, режиссер Досхан Жолжақсынов Алматыдағы №622 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай сайлауында дауыс берді. Өнер майталманы ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық таңдау білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Актер үшін ел тағдырына қатысты мәселеден қалыс қалмай, пікір білдіру – әр азаматтың жауапкершілігі.

«Елдің ертеңі – бүгінгі таңдаудан басталады. Сондықтан әр азамат таңдау жасап, ел болашағына бей-жай қарамауы керек. Жасанды интеллект дәуірінде халықтың әл-ауқатын арттыру маңызды», – деді халық әртісі.

Актердің айтуынша, қоғамдағы өзгерістер мен жаңарулардың негізінде халықтың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы тұруға тиіс. Құрылтай сайлауы да елдің алдағы даму бағытына қатысты маңызды шешімдердің бірі ретінде бағаланады.

Ұлттық өнердің дамуына бірнеше онжылдық бойы үлес қосып келе жатқан Досхан Жолжақсыновтың сайлауға қатысуы – шығармашылық қауым өкілдерінің де қоғамдық өмірге белсенді араласатынын көрсетеді. Өнер иесі елдің тұрақтылығы мен бірлігіне, жас ұрпақтың болашағына қатысты мәселелердің әрдайым маңызды екенін атап өтті.