Қонаев қаласында алты спортшы жаттықтырушысымен бірге дауыс беру орнына желкенді қайықпен жетті. «Құрылтай – 23 тамыз» деген жазуы бар желкендерді жел керіп, қайықтар Қапшағай су қоймасын кесіп өтіп, №5 қалалық жағажайға қарай бағыт алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олардың қатарында Қонаев қаласының спортшылары Владимир Щанкин, Олег Куливацкий, Яна Белозерова, Берік Құбаев, Антон Гаас және Милана Мамедова бар. Олар жаңартылған №5 қалалық жағажайда ашылған учаскеге барып, дауыс берді. Бұл – спортшылар үшін азаматтық ұстанымын білдірудің ерекше тәсілі.
«Қапшағай су қоймасы – туристер асыға ағылатын танымал аймақ. Сонымен қатар бұл – ашық суда жүзу жарыстарын өткізуге және желкенді спортты дамытуға қолайлы орын. Бүгін біз жағажайға желкенді қайықпен жүзіп келіп, ерекше тәсілмен дауыс беруді ұйғардық. Сайлаушыларға жарқын әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлағымыз келді. Бұл – Қазақстан үшін маңызды күн. Осындай сәтте шет қалуға болмайды», – деді Яна Белозерова.
Қонаевтағы желкенді спорттың тарихы жарты ғасырдан асады. Оның бастауы 1974 жылмен тұспа-тұс келеді. Содан бері жергілікті спортшылар облыс орталығы мен Қазақстанның намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда абыроймен қорғап келеді.
Тек биыл Қонаев спортшылары халықаралық турнирлерде 6 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Ал Орталық Азия чемпионатында тағы 11 жүлдеге – 3 алтын, 1 күміс және 7 қола медальға ие болды.
Желмен жарысып, толқынмен таласқан спортшылардың әрекеті сайлау күнінің жарқын сәттерінің біріне айналды.