Әлемнің 5 елін, еліміздің 17 өңірін жаяу аралаған Сәрсенбай Қотырашов сайлауға барды

Бүгін, 15:59 / Ербұлан Қайрат

Жезқазғанда белгілі саяхатшы әрі қоғам белсендісі Сәрсенбай Қотырашов сайлауға барып, өз дауысын берді, деп хабарлайды turkystan.kz өңірдегі ӨКҚ-ға сілтеме жасап.

Жетпістен асқан жасына қарамастан, Сәрсенбай ақсақал жаяу саяхатын әлі де жалғастырып келеді. 2022 жылы ол Қазақстанның 17 өңірін аралап, шамамен 8 мың шақырым жол жүрді. Кейін халықаралық бағыттар бойынша жаяу саяхаттарын жалғастырды.

Биыл саяхатшы 53 күн ішінде Сербия, Венгрия, Австрия, Германия және Франция аумақтары арқылы шамамен 3 мың шақырым жүріп өтіп, Парижге жетті.

«Елдің болашағы әр азаматтың таңдауына байланысты. Сондықтан дауыс беру - жай ғана міндет емес, ел алдындағы азаматтық жауапкершілік», - деді Сәрсенбай ақсақал.

Ол елге бірлік пен береке, ал жастарға жарқын болашақ тіледі.

2026 жылы Сәрсенбай Қотырашовқа Қазақстандағы туризм саласын дамытуға және белсенді өмір салтын насихаттауға қосқан үлесі үшін «Дене шынықтыру және спорттың құрметті қызметкері» атағы берілді.