«Оқжетпес» футболшылары жаттығу кезінде уақыт тауып сайлауға барды

Бүгін, 14:52 / Ербұлан Қайрат

Көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубының ойыншылары №2 орта мектептегі №22 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Бұл туралы Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Футболшылар дауыс беруге спортшылардың қоғамдық өмірге қатысуына арналған акция аясында келген. Олар учаскеге команда болып кіргенімен, әр ойыншы өз таңдауын жеке жасады.

«Біз өз шешімдерімізге жауап беруге және нәтижеге әр адамның әрекеті әсер ететінін түсінуге үйренгенбіз. Бүгін командамен бірге дауыс беруге келдік. Ел өміріне тек спортшы ретінде емес, азамат ретінде де қатысу маңызды деп есептейміз», деді футболшылардың бірі.

Клуб өкілдерінің айтуынша, спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке және ортақ нәтижеге жұмыс істеуге тәрбиелейді. Бұл қасиеттер алаңда ғана емес, күнделікті өмірде де маңызды.