"Енесі баянмен, келіні сырнаймен өнер көрсеті": Жетісу облысында бір әулеттің үш буыны дауыс беруге бірге келді

Бүгін, 13:59 / Алуа Арман

Жетісу облысының Көлбай ауылында сайлау учаскесіне өнерлі Сейдахмет әулеті үш буын болып келді. Олар дауыс беріп қана қоймай, ұлттық өнерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әулеттің үлкені – енесі баянмен, келіні сырнаймен өнер көрсетсе, немерелері ұлттық би биледі. Ән мен әуен, ұлттық би бір сәтте сайлау учаскесін ерекше мерекелік атмосфераға бөледі.

Сейдахмет әулетінің бұл белсенділігіне ауылдың әжелер тобы мен ақсақалдар ұжымы да қосылды. Бір мезетте жүзге жуық ауыл тұрғыны дауыс беруге келді. Жалпы, Көлбай ауылында 1000-нан астам сайлаушы бар.

Бұл – сайлауға қатысудың ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының, ауыл бірлігінің және ұлттық құндылықтарға деген құрметтің жарқын көрінісі.

Бүгінгі күннің тарихи маңызы да ерекше. Қазақстанда Құрылтайға сайлау алғаш рет өтіп жатыр. Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға Көлбай ауылының тұрғындары да белсенді атсалысып, өз таңдауын жасауда.

Үш ұрпақ. Бір әулет. Бір таңдау. Бір елдің болашағы.

 

Тэгтер:

Жетісу облысы сайлау Құрылтай Дауыс беру әулет