Президент: Үкімет жұмысына тың серпін беру үшін кадрлық өзгерістер қажет

Бүгін, 13:32 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берген соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Брифинг кезінде Atameken Business телеарнасының тілшісі журналисі Саяна Санақова Президенттен Құрылтай сайлауынан кейін Үкіметтің өкілеттігін тоқтатуына байланысты жаңа Министрлер кабинетін жасақтау тәртібі мен оның алдағы жұмыс бағыттары туралы сұрады. 

– Жалпы, Үкімет барынша табанды, жедел жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап отыр. Дүние жүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Нарықтың сын-қатерлеріне мұқият назар аударып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек. Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді. Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады, – дейді Мемлекет басшысы.