Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды – Президент

Бүгін, 13:14 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берген соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Брифинг кезінде Президенттен 24kz телеарнасының тілшісі Рауль Ғабитов Құрылтай жұмысын бастағаннан кейінгі өзгерістерге тоқталып, жаңа заң шығарушы органның бірінші кезекте қандай заңдарды қабылдайтынын, сондай-ақ Құрылтай депутаты қандай қасиеттерге ие болуы керектігін және оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі қандай болатынын сұрады. 

– Әлгінде ғана айтқанымдай, алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор. Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ, – дейді Мемлекет басшысы.