Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылғы сайлауға қатыса ма – Президент жауабы

Бүгін, 13:05 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берген соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Брифинг кезінде Власть,кз журналисі Тамара Вааль Конституциялық Соттың түсіндірмесіне сәйкес, Президент лауазымына қайта сайлану құқығын пайдаланып, 2029 жылғы президент сайлауына қатысу жоспары бар-жоғын, сондай-ақ президент сайлауының 2029 жылы кезекті түрде өте ме, әлде кезектен тыс сайлау өткізілуі мүмкін бе екенін сұрады.

«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін», – дейді Мемлекет басшысы.