Петропавлда дауыс беру белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізіліп жатыр – бақылаушы

Бүгін, 14:40 / Інжу Әлихан

Петропавлдағы №635 сайлау учаскесінде «Әділет» партиясынан бақылаушы Асанәлі Жанатұлы дауыс беру үдерісі штаттық режимде өтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, сайлаушылардың белсенділігі жоғары, учаскеге келіп жатқан азаматтардың қарасы қалың. Сонымен қатар ол жастардың сайлауға белсенді қатысып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Сайлау учаскесінде дауыс беру үдерісі штаттық режимде өтіп жатыр. Солтүстікқазақстандықтар ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруде. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары, учаскеге келіп жатқан азаматтардың қарасы қалың.

Бүгінгі сайлаудың тағы бір ерекшелігі – жастардың белсенділігі. Әрбір екінші сайлаушы – жас азамат. Бұл жастардың ел болашағына бейжай қарамайтынын, қоғамдық және саяси үдерістерге белсенді араласуға дайын екенін көрсетеді.

Сонымен қатар аға буын өкілдерінің де сайлауға белсенді қатысып жатқаны байқалады. Әр жастағы азаматтардың бір учаскеде өз таңдауын жасап, елдің болашағына қатысты маңызды шешімге бірге атсалысуы – қоғамдағы сабақтастық пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Сайлау учаскесіндегі ахуал тұрақты, дауыс беру белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі белсенділік – солтүстікқазақстандықтардың ел тағдырына деген жауапкершілігінің, ортақ болашаққа деген сенімінің және қоғамның бірлігінің айқын көрінісі», – деді ол.