Құрылтай – 2026: Көкшетауда "Ұршық Party" акциясы өтті

Бүгін, 12:32 / Ербұлан Қайрат

Көкшетауда сайлау күні ұлттық қолөнерді дәріптеуге арналған «Ұршық Party» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар ұршық иіру өнерін көрсетіп, өзіндік рекорд орнатуға талпынды. Бұл туралы Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұршық иіру қазақ халқының тұрмысында маңызды орын алған дәстүрлі қолөнердің бірі саналады. Бұрын әжелер мен аналар жүн иіріп, одан күнделікті тұрмысқа қажет бұйымдар әзірлеген.

Акцияға сайлау учаскесіне келген тұрғындар да қатысып, ұршық иірудің қыр-сырын тамашалады. Әртүрлі жастағы азаматтардың басын қосқан шара аға буынның тәжірибесін жастарға таныстыру алаңына айналды.

«Ұршық жай ғана тұрмыстық құрал емес. Ол халқымыздың еңбекқорлығын, шеберлігін және ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрін көрсететін ұлттық мұра. Бүгінгі шара арқылы осы өнерге қызығушылықты арттырып, ата-бабадан қалған құндылықтарды заманауи форматта жаңғыртуды мақсат еттік», деді акцияға қатысушылар.

Ұлттық өнерді жаңа форматта таныстырған «Ұршық Party» Көкшетаудағы сайлау күнінің есте қаларлық оқиғаларының біріне айналды.