Төле, Қазыбек, Әйтеке: Ақмола облысында үш бидің образындағы азаматтар дауыс берді

Бүгін, 12:07 / Ербұлан Қайрат

Ақмола облысында сайлау күні тарихи дәстүр мен азаматтық белсенділікті сабақтастырған ерекше бастама ұйымдастырылды. Зеренді ауылы, Қосшы және Көкшетау қалаларындағы үш сайлау учаскесіне Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің образын сомдаған азаматтар ұлттық киіммен келіп, өз таңдауларын жасады. Бұл туралы Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақы шапан мен бас киім киген үш азамат сайлаушылардың назарын аударды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың мақсаты – тарихи тұлғалардың өнегесін бүгінгі азаматтық жауапкершілікпен ұштастыру.

– Билердің бейнесін таңдауымыздың өзіндік мәні бар. Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би халықты бірлікке, татулыққа және әділдікке үндеген. Бұл құндылықтар бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ. Сайлау – азаматтың өз таңдауын білдіретін маңызды сәт. Сондықтан тарихи тұлғалардың өнегесін қазіргі азаматтық жауапкершілікпен байланыстыруды жөн көрдік, – деді бастама ұйымдастырушысы.

Үш бидің образы әсіресе жастардың қызығушылығын тудырды. Сайлау учаскелеріне келген тұрғындар тарихи кейіпкерлермен суретке түсіп, билердің қазақ тарихындағы орны туралы пікір алмасты.

– Бүгінде жастарға тарихымызды заманауи форматта таныстыру маңызды. Үш бидің бейнесі арқылы кейінгі ұрпаққа олардың елдік мұраты мен ұстанымын еске салғымыз келді. Өткенді құрметтеу мен азаматтық міндетті орындау – өзара сабақтас ұғымдар, – деді шараға қатысушылардың бірі.

Ерекше бастама сайлау учаскелерін дауыс беру орнымен қатар ұлттық мәдениет пен тарихи жады дәріптелген ортаға айналдырды.