Ретро стильдегі дауыс беру: Семейде арулар сайлауға ерекше образда барды

Бүгін, 11:48 / Ербұлан Қайрат

Семей тұрғындары Еркежан Сағимоллаева мен Еркежан Тұрлыбек сайлау учаскесіне ретро үлгідегі киіммен келіп, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды turkystan.kz Абай Облысы Коммуникациялар Қызметі.

Арулардың айтуынша, тарихы терең, мәдени мұрасы бай Семейдің ерекше келбетін дауыс беру күні ретро образ арқылы көрсеткісі келген.

– Семей – тарихы бай қала. Біз қаламыздың өткені мен ерекше атмосферасын жақсы көреміз. Сондықтан бүгін сайлау учаскесіне ретро стильде келуді жөн көрдік. Бұл біз үшін жай ғана образ емес, туған қаламыздың тарихына деген құрмет. Әр азамат сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы керек деп ойлаймыз, – деді Еркежан Сағимоллаева.

Ал Еркежан Тұрлыбек үшін бұл күннің маңызы айрықша болды. Ол сайлауға алғаш рет қатысып, өзінің азаматтық таңдауын жасады.

Семейлік арулардың ерекше образы сайлау учаскесіне келген тұрғындардың назарын аударып, дауыс беру күнінің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды.