Бүгін еліміз бойынша алғашқы Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Елдің түпкір-түпкірінде мыңдаған сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласындағы сайлау учаскесінде «Әділет» партиясынан бақылаушы болып отырған Алтын Жүнісбекқызы ұйымдастыру жұмысының жүйелі жүргізіліп жатқанын айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгін мен «Әділет» партиясының атынан №24 сайлау учаскесінде байқаушы ретінде жұмыс істеп отырмын. Таңғы уақыттан бастап сайлау учаскесінде белсенділік байқалады. Сайлаушылар біртіндеп келіп, өздерінің азаматтық таңдауларын жасап жатыр. Учаскедегі ұйымдастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Дауыс беру процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр, барлығы заңға сәйкес, бұзушылық тіркелген жоқ», - дейді Алтын Жүнісбекқызы.