Құрылтай – 2026: Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз таңдауын жасады

Бүгін, 11:18 / Інжу Әлихан
Маңғыстау облысының әкімдігі

23 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өңір басшысы Ақтау қаласының 16-шағынауданында орналасқан №68 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Дауыс беру рәсімінен кейін облыс әкімі Құрылтай депутаттарын сайлаудың елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызына тоқталды.

– Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Құрылтай депутаттарын сайлау – азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуына және қоғамның өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық үдеріс. Құрылтайдың қызметі елдің одан әрі дамуына бағытталған бастамаларды қалыптастыруға, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан бүгінгі сайлаудың мәні зор деп есептеймін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Бүгінде Маңғыстау облысындағы барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылған. Сайлаушылардың өз таңдауын еркін әрі заң талаптарына сай жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Айта кетейік, өңірде Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған 267 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Дауыс беруге құқығы бар азаматтардың жалпы саны 457 775 адамды құрайды.