Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейде орналасқан №7 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өңір басшысы Құрылтай депутаттарын сайлаудың елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы өз Үндеуінде атап өткендей, бұл сайлау – ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін тарихи оқиға. Ұлытау облысының тұрғындары елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды қолдап, сайлауға қатысуда. Әрбір дауыс – ел болашағы үшін жасалған таңдау, – деді Есет Байкен.
Жаңа Конституцияға сәйкес жаңартылған заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттарын сайлау үшін Ұлытау облысында 127 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Өңірде 138 362 азаматтың дауыс беруге құқығы бар. Сайлау учаскелерінде тұрғындардың еркін таңдау жасауына қажетті жағдайлар қарастырылған.