Қызылордада дауыс берушілерді роботтар қарсы алып жатыр

Бүгін, 10:30 / Ербұлан Қайрат

Қызылорда қаласындағы №200 сайлау учаскесінде дауыс беруге келген тұрғындарды арнайы робот қарсы алуда. Заманауи құрылғы келушілерге Құрылтай депутаттарын сайлау туралы қысқаша ақпарат беріп, дауыс беру тәртібін түсіндіреді, деп хабарлайды turkystan.kz Қызылорда Өңірлік Коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Робот сайлаушыларға қажетті мәліметті жылдам алуға көмектесумен қатар, учаскеге балаларымен бірге келген тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Кішкентай келушілер роботпен суретке түсіп, оның жұмысын тамашалап жатыр.

№200 сайлау учаскесі Қызылорда қаласындағы С.Толыбеков атындағы №3 мектепте орналасқан. Мұнда 1103 азаматтың дауыс беруге құқығы бар.

Айта кетейік, Құрылтай сайлауын өткізу үшін Қызылорда облысында 386 сайлау учаскесі құрылған. Олардың жұмысын 2720 комиссия мүшесі қамтамасыз етуде. Өңірдегі сайлаушылар тізіміне барлығы 500 591 азамат енгізілген.