Қосшыда 101 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Құрылтай сайлауында дауыс беріп, азаматтық таңдауын жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Нұрғасым Әжітайұлы 1925-інші жылы 1 қаңтарда Семей облысы, Абралы ауданының Сарықамыс ауылында дүниеге келген.
1938-інші жылы еңбек ұжымшары құрылып, 7 жылдық мектеп ашылуына орай 13 жасар Нұрқасым мектеп табалдырығын аттаған. Нұрқасым Әжітайұлы әскер қатарына 1943-інші жылы қаңтар айында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен қабылданады. Ол бір жылдың ішінде Новосібір қаласындағы мергендер мектебін үздік тәмамдап, нысана көздеуден алдына жан салмай, қолына берілген үш оқты да дөп тигізеді. Басшылықтың назарына іліккен сарбаз бірден жолдамамен Мәскеу түбіндегі шайқасқа аттанады.
Құралайды көзге атқан мерген кейін Маршал Малиновскийдың қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат етуге қатысады. Берлинді алуда және Курск доғасындағы шайқаста авиациялық қызметтің атқыштар сапында жауынгер болды.
Жеңісті қарсы алысымен, 1945-інші жылы тамыз бен қыркүйек айларында Жапониямен соғысатын жауынгерлерге ілесіп, 293-інші атқыштар дивизиясымен келесі қан майданға аттанады.
Квантон әскерімен кескілескен ұрыста Нұрқасым Әжітаев асқан ерлігімен көзге түсіп марапатталған.