Бүгін Семей қаласындағы №93 сайлау учаскесінде тұрғындарға арналған арнайы фотобудка жұмыс істеп тұр. Ерекше бастаманы «Абай Ақпарат» редакциясы ұйымдастырған, деп хабарлайды turkystan.kz 018.kz-ке сілтеме жасап.
Құрылтай депутаттарын сайлауға келген семейліктер арнайы безендірілген фотоаймақта суретке түсіп, дайын фотосын сол сәтте тегін ала алады. Осылайша сайлаушылар ел өміріндегі маңызды саяси оқиғадан естелік сақтап қалуға мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың мақсаты – сайлау күнінің атмосферасын айшықтап, тұрғындардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын ерекше форматта есте қалдыру.
Фотоаймақ келушілердің қызығушылығын тудырып, сайлау учаскесіндегі қалыпты жұмысқа өзгеше реңк қосты. Тұрғындар азаматтық таңдауын жасағаннан кейін жеке немесе отбасымен бірге естелік суретке түсіп жатыр.
Фотобудка №93 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталғанға дейін жұмыс істейді. Сайлау учаскесіне келген әрбір тұрғын арнайы аймақта суретке түсіп, фотосын тегін алып кете алады.