Құрылтай – 2026: Ерлан Қошанов дауыс берді

Бүгін, 09:40 / Ербұлан Қайрат

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Ерлан Қошанов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерлан Қошанов сайлау учаскесіне келіп, заңда белгіленген тәртіппен дауыс берді.

Бүгін еліміз үшін тарихи күн. Қазақстандықтар жаңа Құрылтайдың депутаттарын сайлап жатыр. Бұл – жұртшылықтың кең қолдауына ие болған жаңа Халықтық Конституцияны іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған ауқымды реформалардың заңды нәтижесі. Мен Қазақстан темір жолы ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс бердім. Адамдар таңертеңнен бастап белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Сайлауға отбасыларымен бірге келіп жатқандар көп. Бүкіл еліміз бойынша сайлаушылардың белсенділігі жоғары болады деп сенемін. Баршаңызды сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық парыздарыңызды орындауға шақырамын, – деді ол.

Бүгін Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр. Саяси науқан Президенттің 2026 жылғы 1 шілдедегі Жарлығына сәйкес тағайындалған. Құрылтай құрамына партиялық тізімдер бойынша сайланатын 145 депутат кіреді. Олардың өкілеттік мерзімі — бес жыл. Дауыс беру жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде, жасырын түрде жүргізіледі.

Ел аумағындағы сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылды. Дауыс беру 20:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін учаскелік сайлау комиссиялары бюллетеньдерді санауға кіріседі.

Тэгтер:

Ерлан Қошанов