Құрылтай-2026: Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз таңдауын жасады

Бүгін, 08:55 / Алуа Арман

Бүгінде ведомство басшысы жұмыс сапарымен өңірде шаруашылықтарды аралап, егін жинау науқанымен танысып, аграршылармен және ауыл еңбеккерлерімен кездесуде. Министр жұмыс сапарымен барған өңірде сайлауға қатысып, дауыс берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Құрылтайға алғашқы сайлау – еліміз үшін маңызды оқиға. Мемлекет басшысы атап өткендей, Құрылтай елді одан әрі жаңғырту үдерісіне жоғары қарқын беруге тиіс. Сондықтан әр азамат өз таңдауының маңызын және Қазақстанның болашағы үшін жеке жауапкершілігін сезінуі маңызды. Мен үшін бүгінгі күні еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін қамтамасыз етіп отырған аграршылардың жанында болуымның мәні ерекше», – деді Айдарбек Сапаров.

Министрдің айтуынша, Құрылтай ашық әрі сындарлы пікір алмасудың тиімді алаңына айналуы керек. Онда ортақ мақсат – ұлттық мүддеге және Қазақстан халқының әл-ауқатына қызмет ету жолында түрлі пікірлер мен ұстанымдар тоғысуға тиіс.

«Аграрлық сала қызметкерлері үшін еліміздің одан әрі дамуында Еңбек адамына, ауылдық аумақтарға, азық-түлік қауіпсіздігіне және отандық ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына басымдық берілуі аса маңызды. Күшті Қазақстан ортақ күш-жігерімізбен құрылады. Қазақстанның болашағы – баршамызға ортақ жауапкершілік», – деді министр.

Сайлауға еліміздің барлық өңірлеріндегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері де қатысуда. Олар өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, ел болашағын қалыптастыруға зор үлес қосуда.

Тэгтер:

сайлау Айдарбек Сапаров Құрылтай