"Менің есімім – Құрылтай": Маңғыстау тұрғыны даус беру учаскесіне ұлттық киім киіп келді

Бүгін, 07:56 / Дана Ізтілеуова

Маңғыстау облысының тұрғыны Құрылтай Хожабаева Құрылтай депутаттарының сайлауы өтетін күні алғашқылардың бірі болып сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ерекше мәнге ие бұл күні ол елге, ұлттық мәдениет пен құндылықтарға деген құрметін білдіріп, сайлауға ұлттық киіммен қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

23 тамыз күні таңғы сағат 7:00-де Құрылтай Хожабаева Ақтау қаласының 32Б шағынауданында орналасқан №270 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Бұл күн ол үшін азаматтық міндетін орындаумен қатар, жеке басы үшін де ерекше мәнге ие. Себебі оның есімі – Құрылтай. Ал бүгін өзі қатысып отырған сайлаудың атауы да – Құрылтай.

– Мен үшін бұл шынымен де ерекше күн. Менің есімім – Құрылтай, ал бүгін мен Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып отырмын. Сондықтан сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келгім келді. Сайлауға қатысу – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз деп есептеймін, – деді Құрылтай Хожабаева.

Осылайша, есімі Құрылтаймен үндесетін Маңғыстау тұрғынының сайлауға алғашқылардың бірі болып қатысуы бүгінгі күннің ерекше сәттерінің біріне айналды. Ол ел болашағына қатысты өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдірді.