Бүгін елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Дауыс беруге ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері белсенді қатысуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дауыс беруді өткізу мақсатында әскери бөлімдердің аумағында 36 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Бұл ұландықтарға қызмет өткеру орны бойынша тікелей дауыс беруге мүмкіндік берді.
Сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков дауыс берді. Ол таңғы сағат 6:00-де елордалық 5573 әскери бөлімінің аумағында орналасқан №266 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Бас қолбасшы өз үлгісімен әр азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қарап, оны айқындауға белсенді қатысуының маңызын көрсетті.
Дауыс беруге офицерлер, келісімшарт бойынша және мерзімді әскери қызметшілер, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Ұлттық ұлан ардагерлері қатысуда. Көптеген жас сарбаз сайлауда өмірінде алғаш рет дауыс берді. Ұландықтар арасында туған күнінде сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасағандар да болды.