Норвегиялық сарапшы алдағы Құрылтай сайлауы туралы пікір білдірді

Бүгін, 21:28 / Нұрлан Әлинұр
Gov.kz

Алдағы Құрылтай сайлауы аясында Қазақстанға шетелдік журналистер мен сарапшылар келді. Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің профессоры Гленн Агунг Холе Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен мемлекеттік институттарды дамыту перспективаларына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Менде Қазақстан қазіргі уақытта Батыс әлемінде, әсіресе Еуропада кенжелеп немесе жоғалып қалған маңызды қадамдарды жасап жатыр деген әсер қалыптасты. Сіздер мемлекеттік институттарға ерекше мән беріп, іргелі әрі пәрменді институттарды құруға ұмтылудасыздар. Алдағы сайлау да одан әрі дамудың берік негізін қалайды деп ойлаймын», — деді Холе.

Алдағы Құрылтай сайлауының маңызы туралы айта келе, сарапшы болып жатқан өзгерістер азаматтардың демократиялық процестерге қатысуына қосымша мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.

«Реформаның басты мәні – президенттік өкілеттіктер екі рөлге бөлінетіндігінде. Бұл өзгерістер азаматтардың демократиялық процестерге белсене қатысуына кеңінен мүмкіндік береді деген сенімдемін», — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Холе Қазақстанның бірпалаталы парламентке көшуіне қатысты да пікірін білдірді. Оның пайымдауынша, бұл өзгерістер мемлекеттік институттарды одан әрі нығайтуға ықпал етуі мүмкін.

«Өкілеттіктерді оңтайландыру мен бірпалаталы жүйеге өту ұзақ мерзімді перспективада демократиялық институттардың нығаюына оң ықпал етеді. Әрине, заңнамалық шешім қабылдау бір басқа да, оның іс жүзінде орындалуы екінші мәселе. Жаңа жүйенің қаншалықты нәтижелі әрі тиімді болғанын біз алдағы бір-екі жыл ішінде анық көретін боламыз», — деп түйіндеді сарапшы.

Құрылтай сайлауы қарсаңында шетелдік сарапшылар Қазақстандағы саяси өзгерістерге баға беруде. Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің профессоры Гленн Агунг Холе мемлекеттік институттарды дамыту мен елдегі реформалардың болашағы туралы өз пікірімен бөлісті.