Жалған фото, видео және AI-контент: сайлау қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасалды

Бүгін, 17:27 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы «Тыныштық күні» және дауыс беру күні ақпараттық кеңістікте таралуы мүмкін жалған ақпаратқа байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Орталықтың мәліметінше, аталған күндері ақпараттық кеңістікте түрлі жалған ақпарат, манипуляциялық және арандатушылық сипаттағы жарияланымдар мен бейнематериалдар таралуы мүмкін.

Мұндай ақпараттық арандатулар сайлау күндері әлемнің көптеген елдерінде тұрақты түрде тіркеледі. Олардың мақсаты – дауыс беру рәсімі туралы бұрмаланған түсінік қалыптастыру және азаматтардың ел өміріндегі маңызды оқиғаға қатысты жағымсыз эмоциялық реакциясын туындату.

«Мұндай жарияланымдарда көбіне бұрын түсірілген фотосуреттер мен бейнематериалдар, басқа елдерге қатысты материалдар (мысалы, сайлау бюллетеньдерін жаппай жәшікке салу көріністері), түсірген уақыты мен орны көрсетілмеген бейнежазбалардың үзінділері, сондай-ақ анонимді аккаунттардан жарияланған ақпараттар пайдаланылады», – делінген үндеуде.

Орталықтың атап өтуінше, заманауи технологиялар монтаж және жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, осындай контентті жасауға және таратуға мүмкіндік береді. Олардың қатарында қоғамға танымал тұлғалар мен саясаткерлердің бет-бейнесі мен дауысы пайдаланылған жалған фото, аудио және бейнематериалдар да бар.

Орталық қазақстандықтарды ақпарат алу кезінде ресми дереккөздерге сүйеніп, мәліметтің бастапқы дереккөзін тексеруге шақырды.

«Расталмаған хабарламаларды таратпаңыздар. Сіздердің ақпаратқа мұқият әрі жауапкершілікпен қарауларыңыз сайлау күні сабырлы әрі өзара құрметке негізделген ахуалды сақтауға ықпал етеді», – делінген үндеуде.