Танымал әнші Жеңіс Ысқақова ұлының алғашқы некесі қалай аяқталғанын айтып, қазіргі келіні туралы пікірін білдірді. Өнер иесі бұл туралы сұхбатында баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әншінің айтуынша, ұлы алғаш үйленген кезде келіні бөлек тұруды қалаған. Алайда ұлы ата-анасымен бірге бір шаңырақта тұратынын айтқан.
«Бірінші үйленгенде келін бөлек шығайық деді. Ұлым "бөлек шықпаймыз, біз осы шаңырақта бәріміз бірге тұрамыз. Бөлек шыққың келсе, өзің кете бер" деді. Келін кетіп қалды. Менің ол жерде қатысым жоқ. Ол кезде балалар өздері тұрды. Мен Астанада тұрдым», – деді Жеңіс Ысқақова.
Әнші кейін бұрынғы келінінен не болғанын сұрағанын атап өтті. Оның сөзінше, экс-келіні оған ешқандай өкпесі жоқ екенін айтқан.
Ал қазіргі келінін Жеңіс Ысқақова ерекше ықыласпен қабылдағанын жеткізді. Өнер иесі оны «сәнім» деп атайтынын және бірге тұратынын айтты.
«Қазіргі келінімді "сәнім" деймін. Құдайдан сұрап алғанмын. Аллаға сансыз шүкір деймін. Маңдайынан сүйіп отырамын. Бірге тұрамыз. Ол келінге "бөлек шығыңдар" десем, "шықпаймыз" дейді», – деді әнші.
Жеңіс Ысқақова қазіргі келініне кейде ескерту жасайтынын да жасырмады. Алайда келіні мұндай жағдайда көңілі босап қалатынын айтты.
«Мен бірдеңе дұрыс болмаса, ескерту жасаймын. Алдында бір-екі рет ескерту жасап едім, жылап қалды», – деді ол.