Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев "Бёрнли" сапындағы алғашқы күндері мен команда ойыншыларымен қарым-қатынасы туралы айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Алғашқы күндер өте жақсы өтті. Өйткені мұндағы жігіттер өте ашық-жарқын әрі мейірімді. Олар үнемі жағдайымды сұрап, бірдеңе керек пе деп көмектесуге дайын тұрады. Сондықтан осында келгеніме және осы клубтың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын.
Жігіттер менімен үнемі сөйлесіп тұрады. Біз бір-бірімізге көмектесеміз. Біреуге көмек керек болса, мен қол ұшын беремін, олар да маған дәл солай көмектеседі. Егер бір нәрсені дұрыс істемесем, қай тұста жақсару керек екенін айтып, кеңес береді. Соған өте қуаныштымын", – деді Дастан Сәтпаев.
Дастан Сәтпаев 14 тамызда "Челсиден" "Бёрнлиге" 2026/2027 жылғы маусымның соңына дейін жалға ауысты. Келісімде футболшыны кейін сатып алу құқығы қарастырылмаған.
Чемпионшипта өнер көрсететін "Бёрнли" бұл жалға алу үшін лондондық клубқа 350 мың еуро төлейді.
Айта кетейік, бұл ауысым Сәтпаевтың 18 жасқа толған күні "Челсимен" 2033 жылға дейінгі ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойғанынан екі күн өткен соң жүзеге асты.