Швейцариялық турист Балиде қасиетті саналатын Ньепи – Тыныштық күні ережелерін бұзып, әлеуметтік желіде мереке туралы балағат сөздер айтқаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
БАҚ мәліметінше, турист Ньепи кезінде өзі тұрған вилладан шығып, көшедегі жағдайды видеоға түсірген. Кейін әлеуметтік желіге жариялаған жазбаларында жергілікті дәстүрді сынап, әдепсіз сөздер қолданған.
Бұл әрекет желі қолданушыларының наразылығын тудырып, артынша ер адам ұсталған.
Бали билігі оның әрекетін индуистік дәстүрлерді қорлау деп бағалады. Сот туристі кінәлі деп танып, бір жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарған.
Ақпаратқа сәйкес, вилла қызметкерлері швейцариялық азаматқа Ньепи күні қандай талаптарды сақтау керектігін алдын ала түсіндірген. Алайда турист кейін барлық шектеуден толық хабардар болмағанын және жергілікті тұрғындар мен олардың діни сенімін қорлауды мақсат етпегенін айтқан.
2026 жылы Ньепи 19 наурызда аталып өтті. Бұл күні Балиде қоғамдық өмір бір тәулікке толықтай дерлік тоқтайды. Көлік қозғалысы шектеліп, әуежай жабылады, ал тұрғындар мен туристерге үйлері мен қонақүйлерінен шықпау талабы қойылады.
Ньепи – Сака күнтізбесі бойынша Балидегі Жаңа жыл әрі аралдағы маңызды индуистік мерекелердің бірі. Бұл күн ойын-сауыққа емес, тыныштыққа, рухани тазаруға және ішкі ойға берілуге арналған.
Тыныштық күнінде көшеге шығуға, қатты музыка қосуға және шулауға болмайды. Күн батқаннан кейін жарықты барынша аз пайдалану да талап етіледі.
Бұл ережелер Балидің жергілікті тұрғындарына ғана емес, аралға келген шетелдік туристерге де бірдей қолданылады.