Канье Уэст концертінен Алматының пайдасына қанша қаражат түсті? – Басқарма жауабы

Бүгін, 16:00 / Інжу Әлихан
Алматы қаласы Туризм басқармасы

15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда әйгілі америкалық рэпер Канье Уэсттің концерті өтті. Әлемдік туры аясындағы концертке 31 мың көрермен жиналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Концертке 50-ден астам елден шамамен 7 700 турист келді. Олардың 2 мыңға жуығы концертке арнайы келген шетелдік жанкүйерлер. 13-16 тамыз аралығында Алматыдағы қонақүйлер мен орналастыру орындарының орташа толымдылығы 98 пайызға жуықтады. Туристер ағынының экономикалық әсері шамамен 5 млрд теңге болды.

«YE концерті Алматы туризмі үшін биылғы маңызды іс-шаралардың біріне айналды. Концерт күндері орналастыру орындарына сұраныстың айтарлықтай артуы халықаралық іс-шаралардың қаладағы туристік белсенділікті арттыруға ықпал ететінін көрсетті. Мұндай ауқымды жобалар Алматының халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Әлемдік жұлдыздардың Алматыда өнер көрсетуі қалаға шетелдік туристерді тартуға және Алматыны халықаралық аудиторияға танытуға мүмкіндік береді. Мұндай ірі музыкалық шаралар қаланың туристік тартымдылығын арттырып, Алматының Орталық Азиядағы жетекші оқиғалар орталығы ретіндегі орнын нығайта түседі.

Тэгтер:

Алматы Канье Уэст