Кейінгі жылдары суррогат ана мәселесінде еліміздің аты халықаралық деңгейде ауызға іліге бастады. Қазақстан шетелдік бедеу жұптар үшін медициналық туризм нүктесіне айналып келеді. Өйткені бізде жасанды ұрықтандыру бағдарламасының бағасы басқа мемлекеттермен салыстырғанда арзан, заңнама суррогат ананың емес, оның қызметін пайдаланатын ерлі-зайыптыларға ыңғайланған.
Өткен айда The Guardian басылымы Ұлыбританияда суррогат аналарға сұраныстың өскенін мәлімдеді. Мақала авторы 2025 жылы суррогат аналардың 1 000-ға жуық баланы өмірге әкелгенін және бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары екенін жазады. Мұндай өсімге перзент сүюді армандайтын біржынысты некенің көбейгені, бедеулік дертінің асқынуы мен қоғамдағы мәдени көзқарастардың өзгеруі тікелей себеп болып отыр.
Англияда баланың туу туралы куәлігіне биологиялық анасының аты жазылады. Бұл құқықты тапсырыс беруші ата-анаға ауыстыру үшін ата-аналық ордер деп аталатын арнайы құжат талап етіледі. 2025 жылы мұндай арыздардың саны 980-нен асып түскен. Алайда осы өтініштердің ішінде тек 150 бала ғана Ұлыбританияның өз аумағында өмірге келген. Себебі отандық заң бойынша суррогат анаға тек табиғи шығындарын өтеуге ғана рұқсат берілген, яғни коммерциялық сыйақы төлеуге тыйым салынған. Ал қалған басым бөлігін коммерциялық негізге рұқсат берген өзге елдерде, атап айтқанда, АҚШ (125 өтініш), Нигерия (59 өтініш), Грузия (54), Колумбия (20), Украина (20), Мексика (19) өзара бөліссе, Орталық Азия өңірінен Қазақстан (15 өтініш) мен Қырғыз Республикасы (8 өтініш) сияқты мемлекеттерде дүниеге келген.
Бір баланың бағасы – 15 млн теңге
Елімізде суррогат ана институтының қалыптасуы мен оларға сұраныстың артуы, ең алдымен, ұлт денсаулығы, оның ішінде репродуктивті медицина саласындағы өткір де өзекті мәселелерден туындап отыр. Денсаулық сақтау саласы ұсынған ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы некедегі жұптардың шамамен 15-16 пайызы, яғни әрбір алтыншы шаңырақ бедеулік дертімен бетпе-бет келіп отыр. Ал әлеуметтік тұрғыдан сараптасақ, отбасылардың ажырасуына себеп болатын негізгі факторлардың көш басында балалы бола алмау тұр.
Қазақстан Репродуктивті медицина қауымдастығының (ҚРМҚ) деректері суррогат ана бағдарламалары елдегі қосымша репродуктивтік технологиялардың жалпы көлемінің 3,1 пайызын құрайтынын көрсетеді. Жыл сайын елімізде суррогат аналардың көмегімен орта есеппен 70-тен 100-ге дейін сәби дүниеге есігін ашады. Бүгінде медициналық процедураларды, суррогат анаға төленетін гонорарды, ай сайынғы күтім мен заңгерлік қолдауды толық қамтитын бағдарламаның жалпы құны 8 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін жетеді.
Қазақстан – суррогат ана институтын толық заңдастырған және оның коммерциялық, яғни келісімшарттық үлгісін қолдайтын елдердің қатарында. Заңнамалық шеңбер де уақыт талабына сай толығып келеді. Биыл «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес, суррогат ана қызметіне тапсырыс беру құқығы тек Қазақстан Республикасының азаматтары саналатын, ресми некедегі ерлі-зайыптыларға ғана берілді. Бұл қадам шетелдік азаматтардың елдегі бұл қызметті пайдалануын шектеп, саланы коммерциялық трансшекаралық бизнеске айналудан қорғауға бағытталған. Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, бұл саланың жабық сипатына байланысты ресми тіркелген процедуралардан бөлек, жеке агенттіктер арқылы жасалатын бейресми келісімшарттардың да белгілі бір үлесі сақталып отыр. Жақында Қырғыз Республикасының депутаттары да шетел азамат-тарына жергілікті суррогат аналардың қызметін пайдалануға тыйым салу туралы заң қабылдауға ұсыныс тастады.
Қара нарықтағы қитұрқылық
Қазақстанда суррогат ана қызметі заңды түрде рұқсат етілгенімен, оның айналасында бейресми «көлеңкелі» нарықтың қалыптасу қаупі жоғары. Ең алдымен, заңнамалық шектеулерден, жоғары қаржылық сұраныстан және бұл саланы реттейтін арнайы лицензияланатын агенттіктер институтының жоғынан туындап отырғаны жасырын емес. Көлеңкелі нарықтың тамыр жаюына, ең алдымен, суррогат ана агенттіктерінің қызметін реттейтін заңнамалық тетіктердің жоқтығы түрткі болып отыр. Елде суррогат аналар мен тапсырыс берушілерді іздестіретін делдалдық ұйымдарға жеке лицензия немесе арнайы мемлекеттік бақылау талап етілмейді, бұл өз кезегінде заңсыз жеке тұлғалар мен жасырын компаниялардың көбеюіне кеңінен жол ашады.
Бұдан бөлек, заңды процедуралардың қымбаттығы да кері әсерін тигізіп отыр. Клиникалар мен заңгерлердің 8 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін жететін ресми қызметінен қашып, тараптар кейде әлеуметтік желілер мен Telegram-арналар арқылы тікелей немесе арзан делдалдармен келісімге келуге ұмтылады. Сондай-ақ заңда биыл қабылданған шектеулердің де әсері байқалады. Шетелдіктерге және жалғызбасты азаматтарға суррогат ана қызметін пайдалануға тыйым салынуы бұл санаттағы тапсырыс берушілердің заңсыз, «азаматтық» немесе жалған құжаттар жасау сияқты астыртын схемаларға жүгінуіне түрткі болды. Осылайша, қалыптасқан заңсыз жүйелер мен заң бұзу механизмдері қоғамда өте қауіпті үрдістерді туғызады. Соның бірі – «делдалдық эксплуатация» мен қаржылық тәуелділік. Қара брокерлер деп аталатын делдалдар әлеуметтік жағынан осал, қаржылық қиындығы бар әйелдерді тауып, оларға тиесілі гонорардың 30-50 пайызын заңсыз иемденіп отырады. Тіпті, әйелдерді арнайы жалдамалы пәтерлерде, яғни «суррогаттық фермаларда» бақылауда ұстап, еркін жүріп-тұруын шектеу, төлқұжаттарын тартып алу жағдайлары да кездеседі.
Тағы бір заңсыз тәсіл – жалған неке және туу туралы құжаттарды бұрмалау. Тапсырыс беруші шетелдіктер немесе бойдақ азаматтар заңды айналып өткісі келгенде, суррогат анамен жалған неке қию немесе перзентханада туу туралы куәлікке биологиялық анасы ретінде басқа әйелді заңсыз жаздырып, қолдан құжат жасау схемаларын қолданады. Ең сорақысы, бұл үрдіс ЭКО клиникаларынан тыс, ешқандай медициналық бақылаусыз, суррогат ананы «табиғи жолмен» ұрықтандыру арқылы жасырын бала саудасына ұласып кетіп жатыр. Тікелей жыныстық қатынас арқылы жүкті болып, кейін баланы ақшаға айырбастау актісі суррогат ана болу институтынан мүлде бөлек, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабымен жазаланатын тікелей бала саудасы қылмысына жатады.
Қылмыс жазасыз қалмайды
Құқық қорғау органдары анықтаған нақты істер мен олардың салдары да осы қауіптің бар екенін айғақтайды. Қазақстанның Ішкі істер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті кейінгі жылдары трансшекаралық және ішкі бала саудасы мен заңсыз суррогат ана схемаларының жолын кесті. Соның ішінде репродуктивті клиникалар мен перзентхана дәрігерлерінің қатысуымен ерекше атышулы істер болды. Алматы және Шымкент қалаларында құқық қорғау органдары жаңа туған сәбилерді шетелдіктерге заңсыз берумен айналысқан қылмыстық топтарды әшкереледі. Бұл істерде суррогат ана шарты ресми тіркелмей, дәрігерлер туу туралы куәліктерге жалған ақпарат енгізу арқылы баланы шетелге алып кетуге жағдай жасап келген. Бұл қылмыстардың құқықтық салдары өте қатаң болды. Мұндай істер бойынша кінәлілер ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы, яғни «Бала саудасы» және 385-бабы, яғни «Жалған құжаттарды жасау, жасау немесе өткізу» бойынша 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Заңды институт пен заңсыз нарықтың аражігін салыстырмалы түрде ажырату бұл саланы дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Заңды институт медициналық лицензиясы бар ЭКО орталықтарында жүргізіледі, онда нотариалды куәландырылған шарт міндетті түрде болады, ал тапсырыс берушілер – тек ресми некедегі Қазақстан Республикасының азаматтары. Тұқым эмбрионы гестациялық жолмен, яғни ЭКО арқылы отырғызылады, ал дүниеге келген бала АХАТ органдарында заңды түрде генетикалық ата-анаға тіркеледі. Ал заңсыз нарық, керісінше, медициналық жүйеден тыс немесе жалған құжатпен жасалады, нотариалды шартсыз немесе заңсыз келісіммен жүзеге асады. Ондағы тапсырыс берушілер арасында шетелдіктер мен делдалдар жиі бой көрсетеді және мұнда баланы қолма-қол ақшаға «сатып» алады.
Жаңа заңның ерекшеліктері
Суррогат ана мәселесін реттейтін басты құқықтық құжат – Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің «Суррогат ана болу және қосымша репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану» деп аталатын 9-тарауы. Аталмыш заңның ең басты ерекшелігі сәби өмірге келген сәттен бастап заңды түрде тапсырыс беруші ерлі-зайыптылардың перзенті болып танылады. Бұл ретте суррогат ананың балаға аналық құқығы жүрмейді және ол туу туралы куәлікке де анасы ретінде жазылмайды.
Заңнама бұл процеске қатысушы тараптар мен дүниеге келетін сәбидің құқықтық мәртебесіне де өте қатаң талаптар жүктейді. Сұранысқа сай, Кодекстің 56-бабы бойынша суррогат ана болуға ниетті кандидаттың жасы 20 мен 35 жас аралығында болуға тиіс. Сонымен қатар оның физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығының қанағаттанарлық екенін айғақтайтын медициналық ұйымның ресми қорытындысы талап етіледі. Сондай-ақ кандидаттың міндетті түрде өзінің кем дегенде бір дені сау баласы болуы шарт. Егер суррогат ана ресми некеде тұрса, бұл қадамға жұбайының нотариалды куәландырылған жазбаша келісімі де қажет.
Өз кезегінде тапсырыс беруші тарапқа қатысты Кодекстің 54 және 59-баптарында нақты критерийлер бекітілген. Біріншіден, олар медициналық ұйым берген қосымша репродуктивтік әдістерді қолдану қажеттілігі туралы арнайы медициналық айғақты ұсынуға тиіс. Екіншіден, ерлі-зайыптылардың физикалық және психикалық саулығын растайтын медико-генетикалық қорытындының болуы міндеттеледі. Ең басты заңнамалық талап – тапсырыс беруші генетикалық ата-аналардың кем дегенде біреуі баламен тікелей генетикалық байланыста болуы шарт. Заң бойынша суррогат анаға отырғызылатын эмбрион толығымен донорлық жасушалардан түзілмеуі керек. Яғни, бір мезетте әрі донордың сперматозоидын, әрі донордың жұмыртқа жасушасын қатар пайдаланып, одан пайда болған ұрықты суррогат анаға салып беруге рұқсат етілмейді. Ең кемі болашақ әкесінің немесе анасының біреуі өзінің генетикалық материалын беруге, демек дүниеге келетін сәбиге туған ата-ана болуға міндетті. Ал нәрестенің құқықтық мәртебесіне келсек, ол туған сәттен бастап тапсырыс беруші ерлі-зайыптылардың перзенті болып есептеледі және оның табиғи жолмен туған өзге де балалар сияқты барлық азаматтық, мұрагерлік құқықтары толық сақталады.
Бұдан бөлек, жаңа түзетулер тапсырыс беруші жұбайларға қаржылық және медициналық жауапкершілікті жүктеді. Олар суррогат ананың медициналық тексеруден өтуін, ЭКО процедураларын, жүктілікті жүргізуді, босануды және босанғаннан кейінгі 56 күн, ал асқынулар болған жағдайда 70 күн ішіндегі медициналық күтім шығындарын толық өтеуге міндетті. Келісімшарт жасасудың алғышарты ретінде тапсырыс берушілердің денсаулығы мен генофондын растайтын міндетті медико-генетикалық қорытынды талап етіледі.
Десе де, салада әлі де болса реттелуі керек әрі даулы мәселелер бар. Соның бірі – сәби мүгедектікпен немесе дімкәс болып туған жағдайда тапсырыс берушілердің баладан бас тарту қаупі. Мұндай оқиғалар заңда жеткілікті деңгейде қатаң реттелмегендіктен, нәрестені құқықтық вакуумда қалдыру қаупі жоғары. Екінші жағынан, келісімшартта жүктілікті жасанды түрде үзу шарттары жазылғанымен, Ата Заң деңгейіндегі әйелдің өз денесіне билік ету құқығы мен тапсырыс берушілердің азаматтық-құқықтық талаптары арасында коллизия туындайды. Мәселен, Конституция бойынша әйелдің өз денсаулығы мен денесіне өзі билік ету құқығы бар да, ал екінші жағынан Азаматтық кодекстегі келісімшарт бойынша ол өзгеге берген міндеттемелерді орындауға тиіс. Сонымен қатар суррогат ана болуға ниеттілердің физикалық денсаулығы тексерілгенімен, олардың туған баладан айырылысуға эмоциялық дайындығын анықтайтын терең психологикалық сараптама міндетті норма ретінде толық бекітілмеген. Заңнамада суррогат аналарды іздеумен айналысатын жеке агенттіктердің лицензиялануы мен жауапкершілігі нақты айқындалмағандықтан, «көлеңкелі» делдалдық нарықтың сақталуы да тараптарды қанау қаупін тудырады.
Қазақстан заңнамасында суррогат ананың құқығы негізінен нотариалды куәландырылатын азаматтық-құқықтық келісімшарт, яғни суррогат ана болу шарты аясында реттеледі. Дегенмен суррогат аналарды еңбекпен қамту және әлеуметтік тұрғыдан қорғау ісінде құқықтық тепе-теңдік сақталмай отыр. Медициналық құқықтар мен оны қорғау мәселесіне тоқталсақ, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 54-бабына сәйкес, тапсырыс беруші ерлі-зайыптылар суррогат ананың барлық медициналық тексеруден өтуін, ЭКО процедураларын, жүктілікті бақылауды, босануды және босанғаннан кейінгі 56 күн, ал асқынулар орын алған жағдайда 70 күн ішіндегі оңалту шығындарын толық қаржыландыруға міндеттеледі. Алайда еңбек және әлеуметтік қорғалу жағына келгенде бірқатар шектеулер бар. Суррогат ана мен тапсырыс берушілер арасында еңбек шарты жасалмайтындықтан, бұл қарым-қатынас тек азаматтық-құқықтық мәміле саналады. Соның салдарынан суррогат анаға мемлекеттік бюджет есебінен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, яғни декреттік төлемдер төленбейді. Өйткені ол өмірге келген сәбидің заңды анасы саналмайды. Мұндай жағдайда барлық компенсациялар мен ай сайынғы күтім қаржысы тек жасалған келісімшарт негізінде тапсырыс берушінің өз есебінен жүзеге асырылады. Ал мүліктік және қаржылық құқықтарға қатысты айтсақ, суррогат анаға төленетін гонорар мен ай сайынғы тамақтану, тұрмыс шығындары шартта нақты бекітіледі. Бұл сома кезең-кезеңімен төленеді. Егер тапсырыс берушілер бұл төлемді кешіктірсе немесе одан бас тартса, суррогат ана тиесілі қаржыны сот арқылы өндіріп алуға толық құқылы.
Ерекше әрі қауіпті жағдайлардағы жауапкершілік мәселесі де заңнамалық реттеуді талап етеді. Жүктілік кезінде немесе босану үстінде суррогат ананың денсаулығына аналық бездің гиперстимуляция синдромы немесе жатырды сылып тастау, яғни гистерэктомия қаупі сияқты елеулі зиян келсе, тапсырыс берушілер қосымша емдеу шығындарын өтеуге және шартта алдын ала жазылған өтемақыны төлеуге міндетті. Өлім-жітім сияқты қайғылы жағдай орын алса, өтемақы сомасы суррогат ананың заңды мұрагерлеріне немесе отбасына төленеді және бұл шартта жеке тармақпен бекітіледі.
Егер де жүктілік суррогат ананың ырқынан тыс, яғни медициналық себептерге байланысты үзілсе немесе сәби өлі туса, тапсырыс беруші тарап сол мерзімге дейінгі ай сайынғы төлемді және әйелдің денсаулығын қалпына келтіруге кеткен емдеу шығындарын толық өтейді. Дегенмен мұндай жағдайда әйел толық гонорарды ала алмайды, бұл – суррогат ана үшін басты қаржылық тәуекел. ЭКО нәтижесінде егіз немесе үшем құрсаққа бітсе, әдетте, әр бала үшін 20-30 пайыз көлемінде қосымша үстеме гонорар қарастырылады. Егер медициналық көрсеткіштер бойынша ұрық санын азайту, яғни редукция қажет болса, бұл процедура суррогат ананың жазбаша келісімі берілгенде ғана жүзеге асырылады.
Психологиялық жағдай мен аналық инстинкт мәселесінде де өзіндік күрделілік бар. Заңнамадағы генетикалық ата-ананың басымдығы қағидатына сәйкес, суррогат ананың өмірге келген сәбиді өзіне қалдыруға құқығы жоқ. Босанғаннан кейінгі депрессия немесе баламен эмоциялық байланыс туындаған жағдайда кейбір клиникалар мен агенттіктер психологиялық қолдау көрсеткісі келгенімен, бұл мемлекеттік деңгейдегі тегін медициналық көмектің кепілдік пакетіне кірмейді.
Сарапшылардың айтуынша, бұл салада іс жүзінде біршама елеулі мәселелер бар. Медицина мамандары нұсқайтын «сома-тикалық және репродуктивті тәуекелге» тоқталсақ, суррогат аналар ЭКО кезіндегі ауыр гормоналды терапияның кері әсерлеріне және кесар тілігі опера-циясының қауіптеріне жиі ұшырайды. Тағы бір алаңдатарлық мәселе – суррогаттықтың бизнеске айналуы. Елімізде суррогат аналардың едәуір бөлігі бұл бағдарламаға қайталап, яғни 2-3 рет қатысатындықтан, олардың репродуктивті ағзасы тез тозатыны байқалады. Суррогат аналарда гестациялық гипертензия мен преэклампсияның пайда болу қаупі табиғи жүктілікке қарағанда 2-3 есе жоғары. Ал хирургиялық босандырудың орташа үлесі – 40-50 пайыз.
Заңгерлер де «форс-мажорлық және заңнамалық вакуум тәуекелін» басты назарға алуды ұсынады. Егер тапсырыс беруші ерлі-зайыптылар жүктілік кезінде ажырасып кетсе, қайтыс болса немесе жеке қаржылық банкроттыққа ұшыраса, сәбиді қабылдап алудан қашу жағдайлары туындауы мүмкін. Мұндай сәтте суррогат ана азаматтық соттарда айлап созылатын процестерге тартылады. Сонымен қатар әлеуметтік қысым мен жұрттан жасырыну мәселесі де бар. Қоғамдағы теріс пікірлерге байланысты суррогат аналардың басым бөлігі бұл ісін жақындарынан жасыруға мәжбүр. Бұл өз кезегінде олардың жүктілік кезінде моральдық-психологиялық тұрғыдан оқшаулануына алып келеді.
Суррогат ана болу әйел ағзасына елеулі гормоналдық жүктеме түсіріп, преэклампсия, хирургиялық асқынулар секілді денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар бұл үдеріс әйелдің психологиялық жағдайына да әсер етіп, посттравмалық күйзеліс қаупін арттырады. Қазақстанда суррогат аналарды медициналық тексеру халықаралық талаптарға сәйкес жүргізілгенімен, психологиялық диагностика, алдын ала дайындық және босанғаннан кейінгі оңалту жүйесі әзірге көбіне формалды сипатта қалып отыр.
Жүйедегі басты олқылық – бір әйелдің қайта-қайта суррогат ана болуына шектеу қойылмауы және босанғаннан кейінгі ұзақмерзімді медициналық-психологиялық бақылаудың мүлде жүргізілмеуі. Мәселен, Америкалық репродуктивті медицина қоғамының талабы бойынша, әйел суррогат ана ретінде екі реттен артық босанбауға тиіс, ал мұндай жүктілікте кесар тілігін жасауға тек бір-ақ рет рұқсат етіледі.
P.S.
Әлеуметтік және психологиялық қорғау деңгейінде суррогат ананы бағдарламаға дейін, жүктілік кезінде және босанғаннан кейінгі 6 ай бойы тегін психотерапиялық оңалтумен қамтамасыз етуді ЭКО клиникалары мен тапсырыс берушілерге міндеттейтін психологиялық сүйемелдеу стандарты керек. Сонымен бірге, суррогат ананың денсаулығына жатырдың алынуы немесе мүгедектік сияқты ауыр зиян келсе немесе босану кезінде қаза болса, міндетті арнайы медициналық сақтандыру полисін міндетті рәсімдеуді суррогат ана шартының ажырамас
бөлігі ету қажет.