Қазына қаржысы қалай жұмсалып жатыр?

Бүгін, 14:15 / Ділда УӘЛИБЕК

Жақында Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің орындалуы туралы есеп жариялады. Есепте қаңтар-шілде аралығында бюджетке 12,36 трлн теңге кіріс түскені айтылған. Бұл былтырғы сол кезеңмен салыстырғанда 7,5 пайызға көп. Ал шығыс 10 пайызға өсіп, 14,75 трлн теңгеге жеткен.

Осылайша, жеті айдағы респуб­ли­ка­лық бюджеттің орындалуында назар ау­дарарлық қайшылық бар. Кіріс жос­пары 99 пайызға орындалған, салық та бол­жаған мөлшерге жақын жиналған. Со­ған қарамастан бюджет тапшылығы бір жыл бұрынғы 1,9 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Себебі шы­ғыс кірістен жылдамырақ өсіп жатыр. Екеуі­нің арасындағы алшақтық негізінен жаңа қарызбен жабылған, ал бұрын алын­ған қарыздарға төленетін пайыз­дың өзі 2,43 трлн теңгеге жеткен.

Жоспар орындалған, бірақ...

Биыл бюджеттің орындалу қар­қы­ны былтырғыдан жоғары. Өткен жыл­дың жеті айында кіріс жоспары 92,2 пайызға орындалса, биыл көрсеткіш 99 пайыз­ға жетті. Шығыс жоспарының орын­далуы да 91,8 пайыздан 98,8 пайыз­ға дейін өскен.
Бұл қаражаттың жоспарға сай жина­лып, уақытылы жұмсалып жатқанын аң­ғартады. Алайда жоспардың орын­далуын бюджет тұрақтылығының жал­ғыз өлшемі ретінде қарауға болмайды. Өйткені естеріңізде болса, бюджеттің өзі бастапқыда едәуір тапшылықпен бекі­тіл­ген болатын.
Жеті айдағы кіріс шамамен 860 млрд тең­геге көбейсе, шығыс 1,4 трлн теңгеге өскен. Яғни, қосымша шығынның көлемі қосымша кірістен әлдеқайда жоғары. Со­ның салдарынан жалпы тапшылық бір жыл­да 900 млрд теңгеге немесе 47 пайыз­ға жуық ұлғайды. Маусымның аяғында тап­шылық 2,13 трлн теңге болған еді. Шіл­деде ол 2,8 трлн теңгеге жетті. Деген­мен бұл жоспарланған мөлшерден 97,9 млрд теңгеге аз. Сондықтан мәселе бюд­жет­тің жоспардан ауытқу-ауытқымауын­да емес, кіріс пен шығыс арасындағы ал­­шақ­тық жоспардың өзінде қарас­ты­рыл­­ғанында болып отыр.
Кіріс пен шығыстың айырмашылығы – 2,39 трлн теңге. Ал ресми тапшылық бюджет теңгерімінде берілген кредиттер мен қаржы активтеріне қатысты опера­ция­лардың да есепке алынуына байла­ныс­ты 2,8 трлн теңге деп есептеліп отыр.

Бюджет кірісінің төрттен үші – салық

Жеті айда 9,34 трлн теңге салық жиналды. Бұл – республикалық бюджет кірісінің шамамен төрттен үші­не жуығы. Алайда осы қаражат барлық мем­лекеттік шығынның шамамен 63 пайы­зын ғана жабады. Бұл ретте бюд­жет­тің негізгі көзі қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығы болып қа­лып отыр. Қосылған құн салығынан – 4,26 трлн теңге, корпоративтік табыс са­лығынан 2,73 трлн теңге түскен.
Қосылған құн салығының көлемі был­тырғыдан 37 пайызға өсті. Бірақ жос­пар 90,3 пайызға ғана орындалды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 93,8 пайыз бол­ған. Яғни, түсім айтарлықтай артқа­ны­мен, биылға белгіленген меже одан да жоғары болған.
ҚҚС бойынша жоспарды орындауға шамамен 458 млрд теңге жетпейді. Әсіре­се, импорттан алынатын салықта айыр­ма анық байқалады. Ішкі тауарлар мен қыз­меттер бойынша жоспар 92,6 пайыз­ға орындалса, импорттық тауарлар бойын­ша көрсеткіш 88,7 пайыз болды. Еуразиялық экономикалық одақ елдері­нен келетін импорт бойынша орындалу дең­гейі 84,9 пайызға дейін төмендеген.
Корпоративтік табыс салығының тү­сімі 24 пайызға өсіп, 2,73 трлн теңгеге жетті. Жоспар 96,8 пайызға орындалған. Бұл былтырғы 95,5 пайыздық нәтижеден сәл жоғары.
Негізгі салықтар бойынша жинал­маған қаражат басқа бағыттар­дың есебінен ішінара жабылған. Мәселен, ха­лықаралық сауда мен сыртқы опера­ция­лардан түскен салық жоспары 103,7 пайызға, табиғи және өзге ресурстарды пайдаланудан түсетін кіріс 168,3 пайызға орындалған. Ал акциз бойынша небәрі 67,3 пайыз жиналған.
Сондықтан салық жоспарының жал­пы 98,2 пайызға орындалуы барлық кіріс көзі бірдей нәтиже көрсетті деген сөз емес. Бір салықтағы артық түсім екін­ші­сін­дегі тапшылықтың орнын толтырып отыр.

Әр бесінші теңге Ұлттық қордан түскен

Жеті айда республикалық бюджетке 2,8 трлн теңге трансферт түскен. Соның 2,32 трлн теңгесі – Ұлттық қордан алын­ған кепілдендірілген трансферт. Бұл жал­пы кірістің 18,8 пайызы болады. Тү­­­сінікті болуы үшін айтсақ, бюджетке түскен әр бесінші теңге – Ұлттық қордікі.
Жалпы, биыл қордан 2,77 трлн теңге алу қарастырылған. Оның 83,8 пайызы осы алғашқы жеті айда жұмсалып үлгер­ді. Жылдың қалған бес айына жоспар­ланған трансферттің шамамен 450 млрд теңгесі қалады.
Өңірлік бюджеттер республикалық қа­зынаға 481,47 млрд теңге аударған. Оның 319,31 млрд теңгесі – Алматыдан, 73,72 млрд теңгесі –Астанадан, 61,83 млрд теңгесі Атырау облысынан түсті.
Салықтан басқа кірістер 210,17 млрд тең­геге жетіп, жоспар 113,1 пайызға орын­далған. Бірақ былтыр осы кезеңде бұл бағыттан 459,8 млрд теңге түскен еді. Бір жыл ішінде салықтан тыс кірістер ша­мамен 250 млрд теңгеге, яғни 54 пайыз­ға азайды.
Бюджеттің мұнайдан түсетін кіріс­ке тәуелділігін тапшылықтан да байқауға болады. Оның көлемі 6,2 трлн тең­геге жетіп, жоспардан 33,1 млрд тең­геге асып түскен. Бұл жалпы тапшы­лық­тан екі еседен астам көп. Басқаша айт­қан­да, мұнайдан түсетін түсімдер мен Ұлт­тық қор қаражатын алып тастағанда, мем­лекеттің тұрақты кірістері қазіргі шы­ғын көлемін өтеуге жеткіліксіз.

Шығынның төрттен бірі әлеуметтік бағытқа жұмсалды

Республикалық бюджеттен жеті айда 14,75 трлн теңге жұмсалды. Ең көп қара­жат әлеуметтік қамсыздандыруға жұм­сал­ған. Бұл бағытқа 3,93 трлн теңге не­месе барлық шығынның 26,6 пайызы бө­лінді. Жоспар толық орындалған.
Денсаулық сақтау саласына 914,85 млрд теңге жұмсалды. Оның 793,8 млрд теңгесі Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорына берілген. Демек, денсаулық сақтау шығысының 87 пайызға жуығы қорға аударылған.
Білімге 495,61 млрд теңге, қоғамдық тәр­тіп, қауіпсіздік, сот және қылмыстық-ат­қару қызметіне 806,69 млрд теңге бағыт­талды. Қорғаныс шығысы 798,93 млрд теңге болды.
Бұл салалардағы жоспардың орын­далуы 93,5 пен 100 пайыз ара­лы­ғын­да. Бір жағынан, көрсеткіш әлеумет­тік және мемлекеттік міндеттің уақыты­лы қаржыландырылғанын білдіреді. Екін­ші жағынан, шығынның жоғары қар­­қынмен игерілуі алдағы уақытта қа­рыз алу қажеттілігін туындатуы ықтимал.
Бюджет кредитіне қатысты жағдай бөлек. Жылдық жоспар 1,1 трлн теңге бол­ғанымен, жеті айда 347,8 млрд теңге ғана берілген. Бұл – жоспардың 31,6 пайы­зы. Егер жылдық меже өзгермесе, қал­ған бес айда кредиттеудің басым бө­лігін игеру қажет болады.

Тапшылықтың орнын қарыз басты

Қаңтар-шілде аралығында мемлекет 4,68 трлн теңге қарыз алды. Оның 3,97 трлн теңгесі ішкі нарықтан, 704,22 млрд тең­гесі сыртқы көздерден тартылған. Яғ­н­и, жаңа қарыздың шамамен 85 пайы­зы – ішкі қарыз үлесі.
Осы кезеңде бұрынғы қарыздарды өтеу­ге 1,85 трлн теңге жұмсалды. Алын­ған және өтелген қаражаттың айырма­шы­лығы – 2,83 трлн теңге. Бұл бюджет тап­шылығының көлемімен шамалас. Осы арақатынас тапшылықтың негізінен жаңа қарызбен жабылғанын көрсетеді.
Дегенмен қарыздың бюджетке түсі­ре­тін салмағын тек оның көлемімен өл­ше­ген де жөн емес екенін ескеру қажет. Жеті айда пайыздық төлемдерге 2,43 трлн теңге жұмсалған. Бұл – барлық бюд­жет шығысының шамамен 16,5 пайы­зы және денсаулық сақтауға бөлін­ген қаражаттан 2,7 есе көп.
Қарызды жабудың жылдық жос­пары – 3,47 трлн теңге. Шілденің соңы­на қарай оның 70 пайызы жұмса­лып қойды. Қарыз төлемдері жыл ішінде біркелкі бөлінбеуі мүмкін, сондықтан осы көрсеткішке қарап жылдық жоспар міндетті түрде асып кетеді деуге болмай­ды. Дегенмен пайыздық шығынның мұн­дай көлемге жетуі бұрын тартылған қарыз­дардың бюджет мүмкіндігін бар­ған сайын шектеп келе жатқанын аң­ғар­тады.
Жеті айда қаржы активтерімен жа­сал­ған операцияларға 217,06 млрд теңге бөлінген. Оның 160,5 млрд теңгесі «Бәй­те­рек» холдингінің капиталын ұлғайтуға берілген.
Бұл қаражаттың 110,5 млрд теңгесі өң­деу өнеркәсібі мен көлік инфра­құры­лы­мы жобаларын қаржыландыру үшін Қазақстанның Даму банкі мен Өнер­кә­сіп­ті дамыту қорына бағытталмақ. Тағы 50 млрд теңге экспортқа жұмыс істейтін отан­дық кәсіпорындарды қолдау мақ­са­тында Экспорттық-кредиттік агенттікке беріледі.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына 10,05 млрд теңге бөлінген. Ал мәдениет, спорт, туризм және ақпа­рат­­тық кеңістік саласындағы заңды тұл­­­­ға­лардың капиталын ұлғайтуға Президент бас­тамаларына арналған резервтен 46,33 млрд теңге жұмсалды.
Айта кетерлік бір жайт, кей бағыт бойын­ша қаражат алатын нақты заңды тұл­ғалар аталмаған. Жалпы, мақсаттың көр­сетіліп, нақты алушылардың ашық жа­зылмауы бөлінген ақшаның тиім­ділі­гін бағалауды қиындатады.

Өңірлердің өз кірісі өспеді

Республикалық бюджет жоспарлан­ған көрсеткішке жақындағанымен, жер­гілікті бюджеттердің жағдайы күр­делене түс­кен. Жеті айда олардың кірісі был­тыр­ғы 9,3 трлн теңгеден 8,9 трлн теңгеге дейін азайды. Жоспардың орындалуы да 102,1 пайыздан 96,2 пайызға төмендеді.
Бұған орталықтан бөлінетін қара­жат­тың қысқаруы әсер етті. Өңірлер жеті айда республикалық бюджеттен 3,6 трлн теңге трансферт алды. Былтыр осы ке­зең­де 4,1 трлн теңге берілген болатын. Айыр­машылық – 500 млрд теңгеге жуық не­месе 11,9 пайыз.
Трансферт көлемінің азаюын өңір­лердің қаржылық дербестігін арттыруға бағытталған қадам ретінде қарастыруға болады. Бірақ мұндай өзгеріс жергілікті кіріс қатар өскенде ғана нәтиже береді. Әзірге өңірлердің салық түсімі былтырғы 4,8 трлн теңге деңгейінде қалып отыр. Жос­пардың 92,1 пайызы ғана орындал­ған.
Жеке табыс салығынан 1,6 трлн тең­ге түсіп, жоспар 98,1 пайыз­ға орындалды. Ал корпоративтік табыс салығы бойынша көрсеткіш 89,6 пайыз, әлеу­меттік салық бойынша 87,8 пайыз бол­ды. Тауарларға, жұмыстар мен қыз­мет­терге салынатын ішкі са­лықтардың жос­пары небәрі 84,6 пайызға орындал­ған. Яғни, орталықтан келетін қаражат азайған тұста өңірлердің өз кірісі бұл кем­діктің орнын тол­тыра алмады.
Осы аралықта жер­гілікті бюд­жет­тер­­дің шығысы 8,5 трлн тең­геден 8,9 трлн тең­геге дейін өсті. Соның сал­да­ры­нан был­тырғы 418,1 млрд теңгелік профи­цит­тің орнына биыл 354,5 млрд теңге тап­шылық қа­лып­­тасты.
Дегенмен бұл өңір­лерді қар­жы­­лан­­дыру­да кідіріс бар деген сөз емес. Рес­пуб­ликалық бюд­жет­тен қарас­ты­рыл­ған трансферттер то­лық аударыл­ған, даму жо­­баларына арналған ныса­на­лы транс­ферт­тер де жоспарға сай бө­лін­ген. Мә­селе кіріс құрылымының өз­геруін­де бо­лып отыр: орталықтың рөлі азайып ке­леді, ал жергілікті салық ба­засы соған бейім­деліп, ұлғая қойған жоқ.
Өңірлердің трансфертке тәуел­ділігін азайту үшін оларға өз кірі­сін көбейтуге нақты мүмкіндік қажет. Инвестиция тартып, жаңа кәсіпорын ашып, жұмыс орындарын көбейткен ай­мақ соның нәтижесін өз бюджетінде се­зінуге тиіс. Егер негізгі салық түсімдері ор­талыққа жиналып, шығыс міндетте­мелері жергілікті деңгейде қала берсе, өңірлердің өз қаражаты есебінен даму жо­баларын жүзеге асыру мүмкіндігі шек­теле береді.

P.S:

Жалпы, жеті айдың қорытындысы бойынша, кіріс те, салық түсімі де өсіп, жоспарға жақын орындалған. Негізгі мәселе шығынның одан жылдамырақ өсуінде болып тұр. Әзірге бұл алшақтық Ұлттық қор трансферттері мен мемлекеттік қарыз арқылы жабылып отыр. Бірақ қарыздың өзі кейінгі бюджетке қосымша жүк түсіреді. 
Жылдың екінші жартысында қосылған құн салығы бойынша олқылықтың орнын толтыру, шығын қарқынын бақылау және жаңа қарыздың құнын ескеру маңызды болады. Өйткені кіріс жоспарының орындалуы бюджет мәселесін өздігінен шешпейді. Тұрақтылық кіріс пен шығыс арасындағы айырма азайып, тапшылықты жабу үшін алынатын қарызға тәуелділік төмендегенде ғана орнамақ.

Тэгтер:

Бюджет Республикалық бюджет қазына