Жыл сайын тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында Қазақстанның мегаполистері басқа өңірлерден ағылған жастардың легімен жандана түседі. Студент атану – мыңдаған жас үшін үлкен өмірдің бастауы болса, сол жастар үшін баспана табу – жыл сайынғы шешімі қиын күрделі мәселеге айналып келеді. Елімізде студенттерді жатақханамен 100 пайыз қамту жоспары жарияланғанымен, бұл бағыттағы түйткілдер әлі де күн тәртібінен түспей отыр.
Кейінгі жылдары республика бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде көптеген студент жатақханасы пайдалануға беріліп, орын тапшылығын бірнеше есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің мәліметінше, қазір студенттердің 85 пайызы жатақханамен қамтылған, ал алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Дегенмен ресми статистика мен өмір шындығы арасында әлі де қарама-қайшылықтар бар. Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Каскиннің айтуынша, министрлік пен операторлардың деректері бір-біріне сәйкес келмейді. 2024-2025 оқу жылында жатақханаларда 10 мыңнан астам орын тапшы болды. Министрлік пен ведомстволық деректер арасындағы алшақтық 31 мың орыннан асып түсті. Бұрын белгіленген 70 пайыз бағдардың өзі кейбір жетекші жоғары оқу орындарында орындалмай отыр: Еуразия ұлттық университетінде бұл көрсеткіш – 51,7 пайыз, ал әл-Фараби университетінде – 56,7 пайыз. Сонымен қатар Қазақ ұлттық университеті мен Еуразия университетінде әкімшілік қажеттіліктерге автокөлік сатып алуға 133 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Жуырда Үкімет отырысында жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын баяндаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ел бойынша студенттерді жатақханамен қамту мәселесі негізінен шешімін тапқанын атап өтті. Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын жүзеге асыру аясында бүгінде республика бойынша 72 125 орындық 281 жатақхана пайдалануға берілді. Оның ішінде тікелей университет студенттеріне арналған 51 323 орындық 182 жатақхана бар.
Кейінгі жылдары елімізде 250-ден астам студенттердің заманауи жатақханасы салынды. Нәтижесінде, орын тапшылығы 6 есеге қысқарып, студенттердің 85 пайызы тұрақты баспанамен қамтылған.
Осы оң үрдісті жалғастыру мақсатында 2026 жылы ел бойынша 6 857 орынға арналған 18 жаңа жатақхана іске қосылмақ. Бұған қоса, жыл соңына дейін тағы 11 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
– 2026 жылы елордада жалпы сыйым-дылығы 3 854 төсек-орындық 4 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспар-ланып отыр. Айта кетерлігі, 2026 жылдың наурызында колледж студенттеріне арналған 938 орындық жаңа жатақхана ашылды. Сонымен қатар 2026 жылдың шілдесінде Қазақ ұлттық спорт университетінің студенттеріне арналған 1 000 орындық жаңа корпус іске қосылды. Осылайша, 2026 жылдың соңына дейін жоғары оқу орындарының білім алушыларына арналған тағы екі студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деп Астана бойынша деректерді қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы нақтылады.
Алматы әкімдігі қазір қосымша тағы 11 нысанның құрылысы жүріп жатқанын қосты. Бұл жобалар жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Алматы қалалық білім басқармасы жаңа Инновациялық техникалық колледжді іске қосу жоспарланып отырғанын, оған тиесілі 300 төсек-орындық жатақхана салынғанын мәлімдеді.
Шымкент 804 орындық екі жатақхана, Түркістан облысы 120 орындық бір жатақхана, Атырау облысы 500 орындық бір жатақхана, Қарағанды облысы – 500 орындық бір жатақхана салған.
Мегополистер мәселесі
Жатақхана мәселесі көбінесе елдің ірі қалаларында, әсіресе, Алматы мен Астанада ушыға түседі. Статистикаға сүйенсек, 2025-2026 оқу жылында Алматының жоғары оқу орындарында 221 мың студент білім алса, оның 149 мыңы басқа қалалардан келгендер, ал 19 мыңы – шетелдіктер. Бұл үлкен демографиялық ағын жатақханаға деген сұранысты шарықтатып жіберді. Жыл басындағы деректер бойынша, тек Алматы қаласының өзінде ғана 5 176 орын тапшы.
Қалалық жастар саясаты және білім басқармалары ұсынған ресми деректерге сүйенсек, Алматыда барлығы 136 студенттік жатақхана бар. Университеттер база-сында 93 жатақхана орналасқан, онда 46,2 мыңнан астам адамды орналастыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар бастапқы нарықтағы баға ескерілетін ЖОО студенттеріне арналған 65 жатақхана 25 мың адамды қабылдай алады. Колледж студенттері үшін: 2025-2026 оқу жылында қалада 88 колледж жұмыс істесе, оның
49-ының өз жатақханасы бар (12-сі мемлекеттік, 15-і жекеменшік, ал 22 жекеменшік колледж жатақхананы жалға алады). Жалпы, бұл бағыттағы нысандар 4 155 орынға есептелген.
Иә, жатақхана жетіспеушілігі – бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Дегенмен мемлекеттік тапсырыс механизмінің арқасында бұл көрсеткіш жыл санап азайып келеді. Еске сала кетсек, 2018 жылы республика бойынша жатақхана тапшылығы шамамен 61,4 мың орын еді.
Осы механизм іске қосылған 2018 жылдан бастап 281 жатақхана пайдалануға берілді, бұл 72 125 жаңа төсек-орынмен қамтамасыз етті. Жоба жеке инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асырылады: инвесторлар немесе ЖОО-лар өз қаражаты есебінен нысандар салады немесе реконструкциялайды, ал мемлекет шығындарды ұзақмерзімді пайдалану шартымен 6-8 жыл ішінде өтейді.
– Қазір Алматыда студенттерді орналастыру үшін 43 жекеменшік жатақхана мен 22 хостел жұмыс істеп тұр. 2026-2027 оқу жылына арналған баға жатақхананың меншік нысанына байланысты болады. Мемлекеттік жатақханаларда құны айына 15 мың теңгеден, ал жекеменшік жатақханаларда 30 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар ALT University №4 жатақханасының базасында 50 төсек-орындық Дағдарыс орталығы жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, мұқтаж студенттер уақытша хостелдер мен қонақүйлерге орналастырылады, – деп мәлімдеді Алматы қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы.
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы орын жетіспеген жағдайда студенттерге жоғары оқу орындарымен тиісті келісімшарт жасасқан хостелдер ұсынылатынын нақтылады. Қазір мұндай 20 нысан бар. Ай сайынғы құны – 20 мыңнан 40 мың теңгеге дейін.
Өтемақы кімге беріледі?
Қазақстанда студенттердің жекелеген санаттары үшін жатақханада тұру шығындарын өтеуге арналған арнайы қаржылай көмек қарастырылған. Төлем мөлшері жыл сайын 29 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін жетіп, 100 050 теңгені құрайды. Мемлекеттік қолдау аясында берілетін бұл өтемақы әлеуметтік жағынан осал топтағы студенттердің жүктемесін жеңілдетуге бағытталған. Атап айтқанда, бұл көмекке ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар студенттер, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар білім алушылар ие бола алады.
Ведомство өкілінің сөзінше, бұл төлемдер тек бірінші курс студенттеріне ғана емес, оқудың екінші және үшінші курстарында да тұрақты түрде төленеді. Үкіметтің ресми мәліметтеріне сәйкес, бұл бағдарлама бойынша жалпы 7 145 студентке қаржылай өтемақы төлеу жоспарланған. Олардың ішінде 4 651 білім алушы ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім студенттер.
Түйін:
Қазақстанда студенттердің жатақхана мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Жеке инвестицияларды тарту арқылы жаңа нысандар бой көтеріп, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуде. Дегенмен мегаполистердегі студенттер санының жыл сайын өсуі бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де қарқынды жүргізуді талап етеді. Бастысы қиындыққа тап болған жастар жалғыз қалмай, арнайы орталықтар мен университет басшылығының жедел көмегіне жүгіне алатыны жүйелі түрде жолға қойылған.
Наурызбек САРША