Ағынан жарылған ақын

Бүгін, 13:45 / Túrkіstan IPW

«Арғы беттен қарғып өткен» қаншама ақын болды. Бозінгендей боздап өткен Жәр­кен жырау Бөдешұлы, бостандықтың боз­торғайы Несіпбек Айтұлы, «қызыл сызық ара­ны бөлгенменен, жүректің болмайды екен шекарасы» деп сағыныш жырын са­пыр­ған Марфуға Айтқожина... Бәрі де туған жер­ді, сағынышты, өзекті өртер мұңды тер­бе­ді. Мағжан, Қасым, Мұқағали қыратынан өз­геше самал болып аңқылдады. Қазақ поэ­зия­сына өшпес өрнек салды. Ал Адалбек ақын да солардың ізін басып, ше­караны «аттап-бұттап», ноқтаға басын ұсын­ғысы келмеген асау жырымен, аңыз тағ­дырымен отанына оралды.
Заманымыз бір. Заңғар тау – Алтайдың бауырында туып өстік. Ол Сәден Әнуар сын­ды белгісіз дүлдүл шауып өткен, Шәріпхан Кө­гедаевтың ізі қалған көсем өлке – Сауыр­дың түлегі. 1969 жылы 22 наурызда туған. Ме­нен екі жастай кішілігі бар. 

Адалбек жиырмаға толар-толмас жігіттік ша­ғында: «Бабамның басы» сынды өлеңімен өрт­тей лаулады. Сол кездегі «Шұғыла» жур­на­лының жауапты әдеби редакторы, ақын Сәли Садуақасұлы оның өлеңін басып, «Сүй­ріктерге сүйсінгенде» атты мақаласында таң­дай қаға, тамсана баға берді. Кейіннен осы жайлар сөз болғанда Адалбек ақын «Ана тілі» газетіне, Н.Саматұлына берген сұх­ба­тын­да былай депті («Ана тілі» газеті, 2002 жыл, №12-13):
«10-12 жастағы топ бала ауыл сыртында доп ойнап жүр едік. Бір шұқанақтан бас сүйек тауып алып, доп орнына жабыла теуіп кет­тік. Соны көрген Құнияз шал «Балаларым-ай, кім біледі, бұл бір батыр бабамыздың ба­сы шығар? Неге тебесіңдер?» деп қу басты еп­пен көтеріп алып, қырат басына жерлеп, құран оқыды... Тепкеніміз Махамбет ақын­ның басы болып елестей берді. Ақыры, «Ба­бам­ның бас сүйегі» деген өлең жаздым. Ол 1989 жылы «Шұғыла» журналында жарық көр­ді. Көзі ашық жұрт пікір білдіре бас­та­ды...».
1993 жылы Шыңжаңда «Үкілі ырғай» атты жастардың жыр жинағы шыққаны бар. Сол кездің өзінде-ақ, «Үкілі ырғайға» үңіл­ген­де» атты мақала жазып, жастар шығарма­шы­лығына үңіліп, Адалбек ақынды да ай­рық­ша атаған едім.
Әдебиет өлкесіне аңыз боп келген Адал­бек осыдан кейін еш тоқтап қалмады. Ал­тай­дың күнгей, теріскейін түгендеп, Атажұртқа жет­ті, алмас қылыштай жарқылдады. Есен­ға­ли ағасы айтқан адалдығынан айнымады. 
Ұлттық рух – қазақтың тарихи жады, түр­кілік сана, елдік мұрат жас ақын Адал­бек­ті көк түріктер рухымен өрге жетеледі, ең­кеймеуді үйретті. Жалғыз жортса да жа­лық­пас, жабықпас жанкешті күймен бау­лы­ды.
Атамекен, туған жер, сағыныш, көш, ше­кара, ел мен жер тағдыры отты жырының өзе­гіне айналды. Мекен жырларымен мекі­ре­ніп қалмай, адамның ішкі ирімін, махаббат пен ғазауатты нәзік те сыршыл сезіммен жыр­­л­ады. 
Көркемдік көкжиегінде табиғаттың тал бе­сігінде тербелді, «Тау да өлең, тас та өлең». Қа­зақ даласының жартасын құшақтап та, бір тал жусанын иіскелеп те еміренді, тебіренді. Тау – биіктік. Өзен – өмір. Бұлт, тұман – мұң. Са­ғым мен самал – сағыныш. Таң – үміт. Асау жел – уақыт. Құс – еркіндік. Қарлы шың – рух. Түн – жалғыздық... Оның санасында, қа­ла­мында қанат бар, шекара жоқ. Көгінде еркін самғады. Көлінде көсіле жүзді.
Дала жырауларын жаттап өскен Сауыр тү­легі қара сөзден кенде емес. Абайдың ой тереңдігін, Мағжанның сыршылдығын, Мұ­қағалидың мұңын, Төлегеннің кең тынысын, Жәркен мен Марфуғаның сағыныш сарынын оқи жүріп, тоқи жүріп, толқыды. Ақындық қолтаңбасын жасап «Адалбек ақын» атанды.
«Бабасының басын» жоқтап жыр жазған ақынның өмірі де, өлеңі де – ендігі жерде өзі сезген-сезбеген қалыпта тұтастай поэмаға ай­налды.
Оның алдында ең үлкен күдір, ең үлкен даң­ғыл, қан мен жастан аман қалған қаралы көш – «Қоңыраулы керуен» жатты.
 ...Айыра алмай досым менен қасымды,
Қайыра алмай төктім жауын жасымды.
Тауып алмай болмас атамекенді,
Шауып алмай тұрған кезде басымды.
Әдіра қап серкелік пен серілік,
Қашып барам жүк астында көміліп.
Тана қыздар талағы боп тағдырдың,
Телпектерге кеткеннен соң телініп.

...Өледі екен өзектегі өр үміт.
Қара түннің аман шыққан көрінен,
Серің үшін сергелдең де серуен.
Атамекен құшағыңды аша бер,
Келе жатыр қоңыраулы керуен...

Бұл шын мәнінде, «Бабамның басының» жалғасы, қанаты қырқылып қырға түнеген қыранның қайта түлеуі, ел мен жерді аңсай ұш­қан алапат сағыныштың ұшқыны. Қаң­тарыл­ған қазақ көші қайта ағытылған шо­ғыр­да – ақ боз атты батыр да, ақ жүрегін қо­­лына алған ақын да келеді. Ақжарма жыр­­­дың қасиеті қара жердің төсін солқыл­датып, Атажұртқа – Қазақ даласына шұбады. Жай шұбаған жоқ, шұбат жырын, шудалы сы­рын, балға малған күміс қасықтай қасиет­ті тілін әкелді.
Адалбек Ахмәди шығармаларындағы бас­ты ұғымдардың бірі – Туған жер, Ата­ме­кен. Ақын үшін атамекен – туған жер ғана емес, тарихи жадының, ұлттық болмыстың, ата-баба рухының символы. Оның аузынан төгілген маржан жырларды жеке адамның сағынышты сезімі деп түсіну кемдік етеді. Оның жырларында ұлттың ортақ сағынышы, рухы, үні бар. Бұл ақын поэзиясындағы ерек­ше бөгенай – эпикалық тыныс, көкжал рух, сөнбес сәуле. 
Ақынның Атамекенге деген сел сезімі де ерекше:
Айналайын атамекен, армысың,
Байланайын босағаңа, бармысың.
Тауға дәйім кетіп қалғым келетін,
Шақырғанда нән қарағай, қарлы шың.

Адал ұлың алдыңа кеп тұр жылап,
Көзім алды бара жатыр бұлдырап.
Әнау жақта күн артынан күн құлап,
Беталыссыз барады ағып мың бұлақ.

Үйшігімнің іргесінен үріп жел,
Алыстадым армандармен түбін көр.
Қазағымның жанары боп жылайын,
Киелі тау кербез ұлға ғұмыр бер...
«Қазағымның жанары боп жылайын» – ақын үшін бұл – сағыныш, махаббат, уағда-серт. Отанды шексіз сүйген ет жүректің ерек­ше әмірі, қанымен, жанымен айтқан жан сыры.
Ол тәуелсіздікті тек саяси ұғым ретінде емес, рухани азаттық ретінде түсінді. Елдік, тіл, жер, тарих мәселелері оның өзегінен өлең болып ағылды.
«Шолпан әлі туған жоқ» өлеңінде бы­лай­ша толқиды:
Тас керең түнді ақ нұры Айдың тілгілеп,
Түртіп оятты төсектегі ойды түнгі леп.
Үзілмей қалған жабайы жалғыз алмадай,
Төзімді менің кеудемде соғып тұр жүрек.

Оятып түнді, 
Тау жақта байғыз шақырды.
Тұлпар өлеңнің тағасы тесті басымды,
Аузыма тістеп жетсем деп саған жүректі,
Отырмын таңның Шолпанын күтіп ақырғы.

Шолпаным менің,
Туасың қашан түріп таң,
Жатырмын шөлдеп сәулеге 
сүттей бір ұрттам.
Сәулемның ауылы сонау бір 
қырдың астында,
Тезірек жетіп ызғарын түннің ұмытсам...
Мұндағы теңеулер – жай эпитет емес, кейіп­теу мен метафораның астасуы. Түн – үнсіздік пен жалғыздықтың бейнесі. Ал «тас керең» тіркесі сол үнсіздіктің шегіне жеткен психологиялық күй, жанның аласұрған өрті. «Отырмын таңның Шолпанын күтіп ақыр­ғы...» деген тармақ шығарманың филосо­фия­лық кілті. 
Шолпан – таңның хабаршысы, үміттің нышаны, жаңа өмірдің белгісі, бақытты күн­нің көкжиегі. Ақынның жырлағаны жай ға­на табиғат бейнесі емес, оның Шолпаны – адам жаны күткен рухани жарық, өмірдің мәні. Адамның жүрек жарасын емдейтін ішкі жаң­ғырығын, үмітін, ертеңін, қиял қырындағы арманының ақ құсын күту. Осылайша, ақын күткен ақ сағыныштың жалауы – бозара діріл­деген бозғыл таудың бауырында, Шол­пан­ды күтіп тербеле толқиды. Жай ғана тол­қы­майды, ақындық леппен жүректі шы­мыр­латады. 
А.Ахмади поэзиясындағы бұл тәсіл 
М.Жұ­мабаев поэзиясындағы символизм мен Ж.Нәжімеденов жырындағы философиялық лиризмді еске салады.
Ақын кейде Атамекеннен іздеген жоғын таба алмай аласұрады. Асау жүрегі тар қалаға симай, еркін даласын іздейді. Қиялы қыр кезеді.
Тік түскен туырлықтың тесігінен,
Сәуленің сүтін еміп жетіліп ем.
Кеудеден кетпей қойды-ау, есіл бейнең,
Тербеген, беу, туған жер, бесігім ең... 
(«Туған жер» өлеңі)
Немесе:
Түн.
Таулардың етегі тыныш табын,
Қалбаң-қалбаң етеді жыныста кім?!
Ай астында ақсүйек арманымды,
Алғаш рет аялап уыстадым.

Елес.
Жарық жұлдыздар қашан ақты?
Ай шуағым, сүт сəулем шапағатты.
Шығып кеткен жүректің шеңберінен,
Таппай жүрмін аяулы махаббатты.

Түс.
Бәрі де бұлыңғыр түске айналды,
Арғы бетте ақ тырнам ұшпай қалды.
Күте-күте суыған сезімдердің,
Кірпігіне тұңғиық шық байланды.
 
Таң.
Тағы да сағыныш сарсаңы ма?..
Уһ, жеттім-ау ақыры аңсарыма.
Сақтап келген сабырдың сақинасын,
Жүрегіңнің салайын саусағына!...
Ақын тау-далаға айналады. Тау-дала ақын­ды тербейді. Бірін-бірі құшақтап үнсіз­дік бесігінде іштей арпалысатын сәті аз 
емес.
Рухы биік болғанмен жүрегі нәзік ақын­ның ең осал тұсы – оның «Жалғыздығы». Егер, ол жалғыз қалмай, тобырлар тойында той тойлап жүрсе, «жалғыз» жүрмесе, ол ызың­даған масаның досы, мәңгірген мас тір­ліктің иесі. Бір ауыз сөзбен айтқанда, жа­нының «Жалғыздығын» сезінбеген жан ақын емес. Кемтар саналы, кемиек ойлы, қарны­ның қампиғанына мәз адам ақын түгілі, қа­лам ұстауға жарамайды. Біздің Адал да Жал­ғыз. Үнемі «ЖАЛҒЫЗДЫҚ» құшағында құса­лы кейіпте көрінді.
Бәрі жалғыз: Жалғыз әлем, Жалғыз Күн.
Жалғыз емен тұр басында жал-құздың.
Жалғыз Жерде жалғыз жүрмін адасып,
О, махаббат, жалғызсың ба?! Жалғызбын! ...

Жалғыз өмір: Жалғыз өлім, Адамға.
Жалғыз бақыт жеткілікті маған да.
Маң далада жалғыз жүрмін маңырап,
Жалғыз кеткен арманымды табам ба?!...

Жалғыз барып мұң шағайын еменге,
Жалғыз жылу жүгіріп жүр денемде.
Ғұмырымды кетсем болды сиғызып,
Жазылмаған жалғыз шумақ Өлеңге...
Бұл жерде жалғыздық – тек адамның көңіл күйі емес, ғарыштық заңдылық. Әлем­нің өзі жалғыз, адам сол әлемнің бір бөлшегі. Жал­ғыздық жау емес, Тағдыр. Одан ешкім қа­шып құтыла алмайды. 
Адалбектің «Жалғыздығы» тіпті де басқа­ша. Ақынның – «алаң да, алаң, алаң жұрт...» деп жүдеген көңілдің жүгенін ұстап қыр ба­сында жүрген жалғыз көлеңкенің, ең соңын­да бір ғана арманы бар. Жалғыздықпен жан жарасын емдеген, өзегін жарып шыққан өлең өлмесе болғаны – жалғыз жанның құр­бандығының өтеуі қайтады. 
Адалбек білді-білмеді, сол арманына жет­­кен ақын. Көп ақын, соңғы бекініске, аял­да­ма­ға жеткенше: «жақсы дүниені енді жа­за­мын» деп армандайды. Айға қарайды, жұл­дызды санайды. Үміт құсын үкілеп ұшы­рады. Шын мәнінде, ол өз биігін әлдеқашан тапқан, жұрты да таныған, бағалаған. Мәре­сіне жет­тім деп мәре-сәре күй кешпесе де, жұрт қима­ған «қызыл шеңберден» озып өт­кен, шауып жеткен, көмбесінде көсіле ой­нақтаған...
Адал ақынға да еш шүбә жоқ. Тағасы то­зып, табаны тасырқаса да, оның бәйге шұ­бары әлде қашан тізгін ұстатқан. 
Ақын жырларында жары Жанарға, қызы Сағынышқа арнаған тәтті жырлар да таңдай­да қалады. Ақын туған жерін, Атамекенін қа­­лай құлай сүйсе – жарын, балапанын со­лай аймалайды.

Құдай қосқан Жанарым – өмірлігім,
Көк дөнендей тулап тұр көңіл бүгін...

***
Тәңірім сен, Арым сен, Жарым да сен...
Сағыныш – жыр өзегі, ақынның қызғал­дағы. «Сағыныш» атты ұзақ толғауы бар.
Алдымен Ана, өзіңнің,
Шапағатыңды сағынғам.
Қарашығындай көзіңнің,
Махаббатымды сағынғам.
Дірілдеп күміс Ай батқан,
Көліңді керім сағынғам..., – деп баста­ла­тын жыр, одан әрі – «Сағынғам Атаме­кен­ді...!» – дей келіп:
Сарғайып жүріп сан жылдар,
Сарқылған кезде жеттім мен.
Сарғайып кеткір тағдырлар,
Аман қалып тепкіңнен.
Өкпесін айтып тағдырға
Алатау сенің алдыңда
Ұларың, Ұлың жылап тұр!..
Сарғайған сарғыш нұрыңды 
Сар таңдағы шуақ қыл.
Сарғайып жеткен ұлыңды
Сарыарқаға лақтыр!
Самарқау салқын санамды,
Сағынышымнан босатпа.
Сағынып жеткен балаңды,
Сары қызыңа қосақта!
Сары желмен жарысып,
Сарарқада сандалсын.
Сары қызыңмен танысып,
Сағынышын малдансын,
Сары ізінен ән қалсын
Салқын дүние таңғалсын..., – деп баяғы жыраулар сарынымен арнасынан асып-төгіледі. Ең соңында ақын:
Сүйінші, Сүйінші беріңдер!
Келіңдер!.. Үйіме еніңдер!
Сағынышымнан жаралған,
Сағынышымды көріңдер!

***
Сағынышымнан жаралған
Сағыныш деген қызым бар...
Сарғайып туған Шолпандай
Сағынып көрген қызым сен.
Сағынып жүріп арқандай
Қайтер едім үзілсем?!
Сағынышымнан жаралған
Сағынышым бар менің.
Сағынамын, жарандар
Сағынамын мәңгі Елім.
Сағынышым бар менің!!! – деп толқиды. Біз айтқан толғаудың ең шарықтау шегі, биі­гі. Ақынның мұратына жеткен, асыл ар­манының орындалған бақытты сәті! 
Адал поэмасының бір кейіпкері – жары Жа­нары, енді бірі – қызы Сағыныш. Оның жан жарасының жалғыздығын емдеген жұ­ба­ныштары.
Сөзімізді жинақтай келгенде, Адалбек ақын күрделі философиялық ойды бейнелі суретпен жеткізген ақын. Көптеген табиғат бейнесін астарлы мағынамен бере алды, символизмге шебер. Кейіпкердің ішкі жан дүниесін тереңдей ашып, адам жанының нәзік қылын шеберлікпен шертеді. Өлең­дерінің әуезділігі ерекше, музыкалық ырғақ басым. Абай айтқан: «сөз сарасын» толқын­дата ойнатады. Философиялық ой түйіндеу­ден – уақыт, өмір, тағдыр, жалғыздық мә­селелерін терең толғаныспен тербейді.
Ақын шығармаларында қазақ поэзия­сы­ның дәстүрлі мектебі сақталған. Көркемдік тә­сілдерді батыл қолдануда да құлашын ер­кін жаяды. Өзгені қайталамайды. Сауыр самалын сүйіп есейген қара домалақ ұлдың тілі, сөз қолданысы да ерекше. «Бөтен сөзбен былғанбаған», балғаның сабындай жыр­лар­дың арқауы берік. Оқырманын шаршатпай, шалдықтырмай өзімен бірге ертіп жүреді. Хас жүйрікке тән белгінің бәрі бар! 
«Шолпан әлі туған жоқ», «Аян» сынды бір­неше жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Республи­ка­лық жыр байқауларының жеңімпазы.
Қорыта келгенде, Адалбек Ахмәди – қа­зіргі қазақ поэзиясындағы көркемдік мәде­ние­ті жоғары, ұлттық рухты терең жырлаған ақын­ның бірі. Жай ғана ақын емес, тарғалаң тағ­дыр өларасынан суырылып шыққан көк­жал рухты өршіл ақын. Оның өміршең жыр­лары қазақ әдебиетінің тәуелсіздік дәуірінде есейген жас буынның кеңістігінде өз ж­а­лауын желбіретіп тұр. 

Жәди Шәкенұлы,
жазушы

Тэгтер:

Ақын