Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы ірі турнирде қанша сыйақы алғаны белгілі болды

Бүгін, 23:47 / Жамбыл Жайлау
Michal Walusza / FIDE

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Cairns Cup 2026 турнирінде қола жүлдеге ие болып, 35 мың доллар көлемінде сыйақы алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тоғыз турдың қорытындысы бойынша Асаубаева бес ұпай жинап, үшінші орынды америкалық Карисса Йиппен бөлісті.

Турнир ұйымдастырушыларының мәліметінше, үшінші орын алған екі шахматшының әрқайсысына 35 мың доллардан берілді. Бұл қазіргі бағаммен шамамен 16 миллион теңгеге тең.

Cairns Cup 2026 турнирінің жеңімпазы қытайлық Тань Чжунъи болды. Ол 65 мың доллар көлемінде жүлде алды.

Ал екінші орынға ие болған америкалық Элис Ли 50 мың доллар сыйақы иеленді.

Cairns Cup – әйелдер арасындағы ең беделді шахмат турнирлерінің бірі. Биыл жарыс АҚШ-тың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында өтті.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрады. Бұл – жарыс құрылған алты жыл ішіндегі ең ірі жүлде қоры.

Тэгтер:

Бибісара Асаубаева