"Қайрат" Еуропа лигасында бельгиялық клубқа ірі есеппен жеңілді

Бүгін, 22:08 / Жамбыл Жайлау
Арман Жақсығұлов / "Қайрат" футбол клубы

Қазақстандық "Қайрат" футбол клубы УЕФА Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде Бельгияның "Андерлехт" командасынан өз алаңында жеңіліс тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Командалар іріктеудің шешуші кезеңінде кездесіп жатыр. Екі матчтан тұратын текетірестің алғашқы ойыны Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, қонақтардың 3:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Кездесудің екінші минутында "Қайраттың" финляндиялық жартылай қорғаушысы Яакко Оксанен допты өз қақпасына енгізіп алды. 24-минутта чехиялық жартылай қорғаушы Лукаш Амброс "Андерлехттің" басымдығын арттырды.

Бірінші таймның қосымша уақытында украиналық шабуылшы Даниил Сикан үшінші голды соғып, есепті 3:0-ге жеткізді.

Алматылықтардың жағдайын 38-минутта болған оқиға одан әрі қиындатты. VAR араласқаннан кейін қазақстандық қорғаушы Александр Широбоков тікелей қызыл қағаз алып, "Қайрат" алаңда он ойыншымен қалды.

Қарымта кездесу 27 тамызда Брюссельде өтеді. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алады. Ал жеңілген ұжым Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсетеді.

"Қайрат" қазіргі уақытта еурокубоктардағы жарысын жалғастырып жатқан Қазақстанның жалғыз өкілі. Алматылық клуб бұған дейін Чемпиондар лигасының іріктеуінде Черногорияның "Сутьескасы" мен Кипрдің "Омониясын" жарыстан шығарған. Кейін Болгарияның "Левски" клубына жол берді.

Тэгтер:

Қайрат Андерлехт