Актриса әрі блогер Айым Сейітметова жұбайы Талғат Итаевпен ресми түрде ажырасқанын хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
Өнер иесі бұл жаңалықты көпшілікке жариялау туралы ұзақ ойланғанын айтты. Алайда олардың отбасылық өмірі бірнеше жыл бойы оқырмандардың көз алдында болғандықтан, ажырасқаны туралы өзі айтуды жөн көрген.
"Талғат екеуміз ажырастық. Бұл сөздің артында өміріміздің үлкен бір кезеңі тұр. Жарқын сәттеріміз де көп болды, отбасымыз болды. Ең бастысы – бізді өмір бойы байланыстыратын қызымыз бар", – деп жазды Айым.
Актрисаның айтуынша, уақыт өте келе ерлі-зайыптылардың арасында некені әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік бермейтін жағдайлар туындаған. Дегенмен ол ажырасудың нақты себебін жария етпейтінін жеткізді.
Айым Сейітметова бұрынғы жұбайымен арадағы құрмет пен сыйластықты сақтауға ниетті екенін де атап өтті. Оның сөзінше, екеуінің жолы ерлі-зайыпты ретінде екіге айырылғанымен, ортақ қыздары үшін әрдайым ата-ана болып қала береді.
"Қызымыз әке-шешесінің екеуінің де махаббатын сезініп өссе деймін. Біздің ересектер ретінде қабылдаған шешіміміздің салдарын бала көтермеуі керек", – деді ол.
Сондай-ақ блогер желі қолданушыларынан олардың ажырасуынан сенсация іздемеуді, түрлі болжам таратпауды және екі тараптың да атына жағымсыз пікір жазбауды өтінді.
Айым бұл шешімді қабылдау оңай болмағанын жасырмады. Дегенмен енді өзінің де, бұрынғы жұбайының да өмірінде жаңа кезең басталатынын жеткізді.