Бүгін Астанада марқұм болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі өтіп жатыр. Сот отырысында жауап берген жәбірленуші Әділет Зейнел 20 млн теңгенің есебін берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қателеспесем, 20 млн теңге ақшаны 19 қарашада алдық. Үш күн ішінде 9 млн 200 мың теңге автокөліктің несиесін төледім. Одан кейін Kaspi банкке бардық. Банк қызметкерлері Ұлдананың шоттарының бәрі толықтай жабық екенін, тек алты айдан кейін ғана несиесінің жалпы сомасы қанша екенін, тек алты айдан кейін ғана несиені жабуға болатынын айтты. Бірақ банк қызметкерлері Ұлдананың ай сайынғы төлемі 210-215 мың теңге болғандықтан, несиенің жалпы сомасы шамамен 4 млн 300 мың теңге болады деді. 4,5 млн теңгені Ұлдананың анасына бердік. Қалған ақша қой сатып алу, Құран оқыту және т.б. жұмсалды», - деді ол.