«Ауыл» партиясының өкілдері ТҮРКПА делегациясымен кездесу өткізді

20 тамыз, 2026 / Інжу Әлихан
«Ауыл» партиясы

Бүгін Астанада «Ауыл» партиясының өкілдері Құрылтай депутаттарын сайлауға халықаралық байқаушы ретінде келген Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТҮРКПА) делегациясымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ауыл» партиясы атынан кездесуге партия төрағасының орынбасары, Республикалық сайлауалды штаб жетекшісінің орынбасары Шахмардан Байманов және штаб мүшелері қатысты.

ТҮРКПА делегациясының құрамында Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Азамат Исираилов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Махмут Озер мен Кадим Дурмаз, ТҮРКПА комиссиясының хатшысы Айнура Абуталибова, комиссия хатшысының міндетін атқарушы Мирлан Усенканов және Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің қауіпсіздік қызметінің өкілі Мехмет Акиф Чакмакчы болды.

Кездесу барысында халықаралық байқаушылар мен «Ауыл» партиясының өкілдері сайлауалды науқанның ұйымдастырылуы, республикалық және өңірлік штабтардың жұмысы, үгіт-насихат шараларының өткізілуі және кандидаттардың сайлаушылармен өзара байланысы жөнінде пікір алмасты.

Шахмардан Байманов ТҮРКПА миссиясының мүшелеріне «Ауыл» партиясының сайлауалды науқанының барысы, кандидаттардың өңірлердегі қызметі және тұрғындармен кездесулердің негізгі форматтары туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар «Ауыл» партиясының өкілдері үгіт жұмыстарын ұйымдастыру, сайлау учаскелеріндегі жұмыс тәртібі және штабтардың дауыс беру күніне дайындығына қатысты халықаралық байқаушылардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесуде «Ауыл» партиясының сайлау науқаны барысында қолданылып отырған коммуникациялық тәсілдер, өңірлердегі үгіт жұмыстарының ерекшеліктері және сайлаушылармен кері байланыс орнату мәселелері де талқыланды.

Тараптар «Ауыл» партиясының сайлауалды науқанының өту барысына қатысты пікір алмасып, халықаралық байқаушылардың сайлау үдерісінің ашықтығы мен заң талаптарының сақталуын бағалаудағы маңызын атап өтті.

Іс-шара соңында «Ауыл» партиясының өкілдері мен ТҮРКПА делегациясы сайлау үдерісінің ашықтығы, халықаралық байқаушылардың жұмысы және сайлау науқанының ұйымдастырылуы жөніндегі мәселелерді талқылады.

Тэгтер:

«Ауыл» партиясы