Сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан (ЖСДП) депутаттыққа кандидат Рүстем Сарманов Абай облысына қарасты Көкпекті ауылының тұрғындарымен ашық кездесу өткізді. Кездесу тікелей диалог форматында өтіп, ауыл тұрғындары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өмір сүру сапасы мен инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесудің негізгі тақырыбы агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) және жергілікті өндірушілерді жүйелі қолдау мәселелері болды. Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы өндірісіндегі кедергілерге назар аударып, ауылдық аумақтардың дамуына жағдай жасайтын тетіктерді қалыптастыруға шақырды. Аграрлық сектор мәселелерімен қатар, экология мәселесі де кеңінен талқыланды. Ауыл тұрғындары қоршаған ортаның жағдайына алаңдаушылық білдіріп, табиғи ресурстарды қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі тәсіл енгізу қажеттігін қолдады. Зейнетақымен қамсыздандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар зейнеткерлік жасты қайта қарау және аға буынның лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететіндей зейнетақы төлемдерін арттыру жөнінде нақты ұсыныстар айтты. Кездесу барысында Рүстем Сарманов ЖСДП-ның «Прогресс жолдағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, мемлекеттік саясат азаматтардың нақты талап-тілектеріне сүйене отырып қалыптастырылуы тиіс екенін атап өтті.
«Мұндай кездесулер шешімдердің тек кабинеттерде ғана емес, халықтың нақты мәселелері ескеріле отырып қабылдануы үшін қажет. Ауыл тұрғындары күнделікті өмірде қандай қиындықтарға тап болатынын бәрінен жақсы біледі. Бұл ауыл шаруашылығы, экология, әлеуметтік қорғау немесе күнделікті тұрмысты ұйымдастыру мәселелері болуы мүмкін», — деді Рүстем Сарманов.
Кандидат кері байланыстың және қоғамдық бақылаудың маңыздылығына да тоқталды: «Бүгін айтылған барлық мәселелер мен ұсыныстар тіркеліп, жүйеленуі тиіс. Ашық диалог, қоғамдық бақылау және жүйелі жұмыс арқылы ғана нақты өзгерістерге қол жеткізіп, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға болады», — деп атап өтті ол. Түскен барлық өтініштер сайлауалды штаб тарапынан тіркеліп, сайлаушылардың аманаттары тізіліміне енгізу және кейін партиялық құрылымдар аясында пысықтау үшін жинақталды.