«Әділет» партиясы үгіт-насихат науқаны аясында инклюзивті ақпараттық ортаны дамытуға және сайлаушылардың партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпаратты еркін алуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өңірлерде партия кандидаттары көру қабілеті бұзылған сайлаушылармен кездесу өткізіп, Брайль қарпімен әзірленген ақпараттық материалдарды таныстырды. Кандидаттар сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді және олардың ұсыныстарын тыңдады.
Ел бойынша тарату үшін партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері қамтылған Брайль қарпімен 6 мың дана ақпараттық материал дайындалды.
Ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары телеэфирде де жүргізіледі. Партияның кәсіби ыммен аудармасы бар үгіт роликтері республикалық және өңірлік телеарналарда көрсетіледі.
Партияның ресми сайтында да қосымша мүмкіндіктер қарастырылған. Көру қабілеті бұзылған пайдаланушылар үшін сайттың арнайы нұсқасы бар. Сондай-ақ дауыстық интерактивті көмекші жұмыс істейді. Оның көмегімен партияның сайлауалды бағдарламасы, негізгі бастамалары мен басымдықтары туралы ақпарат алуға болады.
Айта кетейік, инклюзивті ортаны дамыту – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы жеке бағыттардың бірі. Оның негізінде қамқорлық моделінен дербестік пен тең мүмкіндіктер моделіне көшу қағидаты жатыр. Бұл ретте мүгедектігі бар адамдар білім алуға, еңбек етуге, мемлекеттік қызметтер мен қоғамдық инфрақұрылымға тең дәрежеде қол жеткізе алуы тиіс.
Атап айтқанда, партия мемлекеттік қызметтерді алу кезінде туындайтын коммуникациялық және цифрлық кедергілерді жоюды, мемлекеттік цифрлық сервистер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын есту және көру қабілеті бұзылған адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып бейімдеуді, сондай-ақ ХҚКО-лардағы ымдау тілі мамандарының санын арттыруды ұсынады.
Бұдан бөлек, бағдарлама қолжетімді қоғамдық ортаны дамыту шараларын көздейді. Партия әлеуметтік, көлік және қоғамдық нысандарды пайдалануға беру кезінде инклюзивтілік қағидаттарының сақталуын ескеруді, сондай-ақ қолданыстағы инфрақұрылымды бейімдеу жұмыстарын жалғастыруды ұсынады.