Қызылордалық «Қайсар» футбол клубы Қазақстан кубогының жартылай финалында елордалық «Жеңіспен» кездесіп, екі ойынның қорытындысы бойынша финалға жолдама алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жартылай финалдық қарымта кездесу «Астана Арена» стадионында өтіп, алаң иелерінің 3:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
«Жеңіс» сапында хорватиялық шабуылшы Андрия Филипович дубль авторы атанып, 25 және 75-минуттарда гол соқты. Тағы бір допты 18-минутта бразилиялық жартылай қорғаушы Гьяа душ Сантуш Мартинш қақпаға дәл бағыттады.
Ал «Қайсар» сапынан бразилиялық вингер Микейас 69-минутта мергендік танытса, Рамазан Бағдат 90-минутта командасының екінші голын соқты.
Айта кетейік, Қызылордада өткен алғашқы жартылай финалдық кездесуде «Қайсар» 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
Осылайша, екі матчтың қорытындысы бойынша жалпы есеп 5:4 болып, «Қайсар» Қазақстан кубогының финалына шықты.
Финалда қызылордалық клуб «Ордабасымен» кездеседі.