Ауылға қолдау – кәсіпке мүмкіндік: «Басты дебат – 2026» пікірсайысында қандай мәселелер көтерілді?

Бүгін, 21:50 / Дана Ізтілеуова
24kz

«24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде «Басты дебат – 2026» қорытынды пікірсайысы өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ел тарихында тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауы алдындағы қорытынды пікірталастың ерекшелігі – пікірсайыс алаңына саяси жеті партияның төрағалары шықты.

Жеті партияның көшбасшылары «Дамыған экономика – қуатты қоғам» тақырыбында сөз таластырып, өз ұстанымдары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Пікірсайыс кезінде «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай да ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған ұсынысын ортаға салды.

«Әділет» партиясы ауыл мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Біз жай ғана ауылды дамытамыз, жарылқаймыз деп құрғақ уәде бермейміз, нақты нәтижелі жұмыс істейміз. Біздің мақсатымыз – партиямыздың төл жобасы арқылы бір миллион ауыл тұрғынын табысын арттыру. Сонымен қатар, қайтарылған жерлерді ауыл тұрғындарына әділ бөлуді ұсынып отырмыз. Осы екеуінің ортақ шешімі де бар. Бұл – ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперация жасау.

Ауылда тек фермерлер тұрмайды. Табысы төмен, қарапайым отбасыларымыз да көп», – дейді ол.  

Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева сала-салаға бөлінбеудің маңызына тоқталып өтті.

«Біріншіден, мемлекетте маңызды немесе маңызды емес сала болмайды. Мемлекет үшін барлық сала маңызды. Сондықтан белгілі бір саланы бөліп алуға болмайды. Салалық эгоизмнен аулақ болуымыз керек. Екіншіден, Мәжілісте 7 комитет болды. «Ақ жол» партиясының өкілдері 5 комитетте болды. Неге? Өйткені мен вице-спикер ретінде комитетте бола алмадым. Мен Мәжілістегі барлық комитеттің жұмысына жетекшілік еттім. Сондықтан барлық комитетте бола алмадық. Аграрлық комитет пен Халықаралық комитетте болмадық. Бірақ, еске салайын, оның алдындағы YІІ-шақырылымда «Ақ жол» партиясы Аграрлық комитетке жетекшілік етті. Сол кезде комитет төрағасы аграрлық сектордың маңызды мәселелерін көтерген болатын. Ең бастысы – комитетте болмасақ та, біз ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді көп көтердік. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ветеринария, отандық өндіріс үшін жүн сатып ала алмау, фермерлерге субсидия беру моделін қайта қарау мәселелері болды», – деді Дания Еспаева.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғановтан ауыл тұрғындарының табысын арттыру жолдары туралы пікір сұралды.

«Елімізде 1 миллион 600 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Оларды экономикаға тарту – біздің ұсынысымыз. Бірақ адамды жай ғана кооперативке кіргізу жеткіліксіз. Кооперация ауыл тұрғындарына нақты табыс әкелуі керек. Сондықтан біз үш бағыт ұсынамыз.

Біріншіден, жеке қосалқы шаруашылықтарға мемлекет қолдауымен қаржы бөлу керек. Ауылдағы құс, мал және басқа да өнімдер отбасының табыс көзіне айналуы тиіс.

Екіншіден, ауылда тез табыс әкелетін шағын кәсіпкерлікті дамыту қажет.

Үшіншіден, шаруашылықтар бірігіп жұмыс істеуі керек. Оларға қажетті жағдай жасау қажет. Бірлесіп өнім өндіреді, сақтайды, өңдейді және сатады. Сонда шығын азаяды. Сондықтан біздің бағдарламамызда кооперация да бар, оны іске асыратын нақты механизмдер де қарастырылған», – деді ол.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқановқа еліміздің барлық өңірі үшін өмір сапасының бірыңғай стандартын белгілеу туралы бағдарламалық ұсынысы жөнінде сауал қойылды.

«Шын мәнінде, біз әр өңірдегі әлеуметтік игіліктерге қатысты бірыңғай, ең төменгі стандарттарды белгілеуді ұсынамыз.

Мен әр өңірдің мамандануы әртүрлі екенін жақсы білемін. Кей жерде бұл – ауыл шаруашылығы. Ондай өңірлерде өнімді өңдеуді дамыту қажет. Кей жерде туризм басым, онда инфрақұрылым мен сервисті дамыту керек. Ал кейбір өңірлерде өнеркәсіп дамыған, мұнда логистиканы және өнімді одан әрі өңдеуді дамытуға мүмкіндік бар.

Сондықтан біз мұндай бағдарламаларды бұған дейін де ұсындық. Олар қазір енгізіліп, жұмыс істеп жатыр.

Сол себепті біз өңірлердің әлеуметтік кепілдіктері мен экономикалық дамуын нақты ажыратамыз», – деді ол.

«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровқа кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмысшылардың мүддесі арасындағы тепе-теңдік туралы сұрақ қойылды.

«Біз кәсіпкердің немен өмір сүретінін жақсы түсінеміз. «Кәсіпкер – аз төлеп, көп алғысы келетін қанаушы» деген түсінік ескірген және бәлкім, бұл жүз жыл бұрынғы кітаптардан қалған түсінік.

Неліктен? Өйткені нағыз құрушы, нағыз еңбек адамы өзімен қатар жүрген адамдардың өсуіне, олардың біліктілігінің артуына мүдделі.

Ал біз керісінше, көп төлегіміз келеді. Неліктен екенін өндіріс маманы ретінде қарапайым түсіндірейін: жалақысын жоғары төлейтін адамың тракторына, комбайнына ұқыпты қарайды, өзі жұмыс істейтін орын үшін бәсекелеседі және оған ең мықты мамандар келеді.

Біз мұны түсінеміз, өйткені біз – өндіріс мамандарымыз, экономикалық романтиктер емеспіз», – деді ол.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай әділ экономикаға негізделген саясаттың маңызын айтып жеткізді.

«Партия мемлекеттік органдарды алмастырмайды. Біз Қаржы министрлігін, Экономика министрлігін алмастыра алмаймыз. Біз идеологиялық ұйым ретінде тікелей халықпен жұмыс істейміз. Халықтың шағымын, мұң-мұқтажын тыңдап, билікке жеткіземіз. Екіншіден, Аудиторлық палата 2025 жылдың қаржылық тексерісін жүргізді. 2 трлн теңгеден астам бұзушылық анықтаған. Яғни ақша бар. Тек дұрыс жұмсауымыз керек. 2 трлн теңге –  монополистерден анықталған бұзушылық. Сол қаражатты жастарға немесе көп балалы аналарға беретін болсақ, демографиямыз өсетін еді. Демография өссе, экономикамыз дұрысталады. Бізге 40 млн халық керек. Сол себепті бізге агрессивті демографиялық саясат жүргізу керек. Біз әділ экономикаға негізделген саясат жүргізуіміз керек», – деді Азаматхан Әміртай.