Атырау тұрғыны емханадағы орынсыз қылығы үшін айыппұл төлейтін болды

Бүгін, 21:38 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

Атырауда емханаға келген әйел басқа келушімен сөзге келіп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атырау облыстық сотының мәліметінше, іс қаланың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған.

Сот анықтағандай, 2026 жылғы 10 тамызда кешкі сағат 20:15 шамасында әйел Атырау қалалық емханасында басқа азаматпен жанжалдасып, оның ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Сондай-ақ ол айналасындағыларды елемей, қоғамдық тәртіп пен адамдардың тыныштығын бұзған.

Әйелдің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, жәбірленушінің арызы және іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен расталған.

Аталған құқық бұзушылық үшін заңда 20 АЕК көлемінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ қарастырылған.

Сот құқық бұзушылықтың сипатын және әйелдің іс-әрекетін ескере отырып, оны кінәлі деп танып, 60 550 теңге көлемінде айыппұл салған.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Атырау