«24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде «Басты дебат – 2026» қорытынды пікірсайысы өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл пікірталастың басты ерекшелігі – бір алаңда алғаш рет жеті саяси партияның төрағалары бас қосты. Олар сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Ел тарихында тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауы алдындағы қорытынды пікірталасты бастаған «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров мемлекеттік мегажобаларды қолдау туралы баса айтты.
«Біз – нақты істер партиясымыз. Халықтың қазіргі сұрауы – табысының артқаны, бағаның тұрақты болуы. Елдің дамуы дегеніміз адамның таңнан кешке дейін жұмыс істеуі емес, еңбегінің жоғары бағалануы. Жоғары айлық, зейнетақы, жәрдемақы, сапалы білім мен медициналық көмекпен қамтамасыз ету мықты экономикаға сүйенеді. «Respublica» партиясының осыған қатысты бірнеше ұстанымы бар. Біріншіден, елімізде жасалған өнімді қолдауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен іске асып жатқан мемлекеттік мегажобаларды жаппай қолдап, санын арттыру керек. АЭС, ірі жолдар, энергетика, су қоймалары, Алатау қоймасын салу. Осы жобалардың айналасында жаңа салалар пайда болады. Маңайында мыңдаған қызметкер жұмыс істей алады. Кәсіпкерлер де пайда табады, салығын төлейді», – дейді ол.
Екінші болып сөз алған «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай табиғатты қорғаудың маңызына айрықша тоқталды.
«Біз табиғатты ұрпақтан қарызға алдық. Ұрпаққа мұны әдемі күйінде қорғап, сақтау жеткізу – партиямыздың негізгі мақсаты, негізгі идеологиясы. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біз сайлау науқанында экологиялық керуен өткіздік. Мұны біз Арал өңірінен бастадық. Арал кезінде әлемдегі төрттікке кірген, бүгінде кішкентай ғана көл күйінде қалып отыр. Одан кейін қазіргі климаттың өзгеруіне байланысты ауызсу мәселесі де бар. Экологиялық ахуалы бар өңірлер, атап айтсақ, Теміртау, Жетіқара, Құлсары, Балқаш секілді өңірлерде адам экология салдарынан ауырғанын дәлелдей алмайды. Себебі Денсаулық сақтау кодексі мен экологиялық кодексте бұл қарастырылмаған. Біз Құрылтайға барып, сол терминді енгізсек дейміз.
Ата заңымыз – Жаңа конституцияға жоғары экологиялық мәдениет деген қағидат кірді. Бұл – еліміз үшін, әрқайсысымыз үшін маңызды», – дейді ол.
Одан кейін сөйлеген «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстырды.
«Сайлау науқаны алдында көп уәде айтылады. Сондықтан сіздер әр партияға «Осыған дейін не істедіңіздер, енді не істейсіздер?» деп сұрауға құқыңыз бар. «Ақ жол» партиясы бұл сауалдарға жауап беруге дайын. Біз 2012 жылдан бері басқа партиялар ашық айта алмаған мәселелерді көтеріп, көп заңның қабылдануына бастамашы болдық. Бұл жұмыстарды ары қарай да жалғастыру үшін алдымызда жаңа міндеттер тұр. Ең алдымен Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау керек. шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтарып, халықтың игілігіне жұмсау керек. сонымен қатар, отандық өндірісті қолдап, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкер жұмыс орнын ашып, салығын төлеп, ел экономикасын дамытуға үлес қосады. Сондықтан орынсыз тексеруді тоқтатып, өндіріске кеңейтуге жағдай жасау керек. біздің мақсатымыз еңбек еткен адамға жол ашып, ел байлығын халықтың игілігіне жұмсау», – дейді ол.
Төртінші болып сөз тізгінін алған «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай партияның бес басты қағидатын атап өтті.
«Бәрімізді болашақта Қазақстан қандай ел болады деген сұрақ біріктіреді. Бұл сауалға наурызда өткен референдумда халқымыздың өзі нақты жауабын берді. Еліміздің даму бағыты жаңа конституциямызда түпкілікті айқындалды. Осы жолы да «Әділет» партиясы Президентіміздің стратегиялық бағытына саяси тірек болады. Біздің бес қағидамыз бар: Әділет, Отаншылдық, Прогресс, Жауапкершілік және Еңбекқорлық. Әділет идеолгиясы саяси мәдениетіміздің, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналуға тиіс. Тіпті, ұлттық болмысымыздың ерекше, жаңа сипаты болуы керек. бұл туралы мемлекет басшысы үнемі айтып келеді. Біз осы мақсат-мұратты іске асыруға дайынбыз. Соңғы бір айдың ішінде біз әр ауылға, әр өңірге, әр қалаға, әр отбасы мен азаматымызға өз бағдарламамызды егжей-тегжей түсіндірдік. 21 мың іс-шара өткіздік, 6 милллион адаммен бетпе-бет жүздестік. Жүздеген мың жақтасатырымыздың басын қосып, Open air өткіздік. Тұтастай алғанда біздің бағдарламада халқымызды толғандыратын барлық мәселе қамтылған. Біз әр отбасы баспаналы болуы керек деп санаймыз. Сол үшін 2031 жылға қарай тұрғын үй көдемін жан басына шаққанда отыз шаршы метрге ұлғайтамыз. Әр адамның тұрақты жұмысы мен лайық жалақысы болу керек деп есептейміз. Сол үшін бір миллион жаңа сапалы жұмыс орнын ашамыз. Біз бес миллион азаматты жасанды интеллектпен жұмыс істеуге үйретеміз», – дейді ол.
Айбек Дәдебайдан кейін сөз алған «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов ауыл мен қаланы біртұтас Қазақстан ретінде қарайтынын бас айтып, сайлауалды бағдарламасындағы ерекшеліктерге тоқталды.
«Ауыл» партиясы – 26 жыл бойы халыққа адал қызмет етіп келе жатқан партия. Біздің күштіміз тұрақтылықта, ұстанымымыз адам, еңбек, туған жер және қуатты Қазақстан. Біз үшін ауыл мен қала біртұтас Қазақстан. Ауыл дамыса, қала нығаяды. Аймақтар қуатты болса, мемлекет қуатты. Бүкіл ауылда жеті миллионнан астам халық тұрып жатыр. Бұл – үлкен еңбек күші, үлкен нарық, үлкен мүмкіндік. Ауыл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің тірегі. Біздің мақсатымыз – мемлекетіміздің өз халқын сапалы азық түлікпен толық қамтитын, дайын өнім шығаратын, әлемдік нарыққа мықты бәсекелес болатын қуатты аграрлық мемлекетке айналдыру. «Ауыл» тек ауылшаруашылығына қатысты партия емес. біздің бағдарламада жеті басымдық бар: әділетті мемлекет, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, отбасы институты және экология. Қазақстанның ең үлкен байлығы – адал азамат. Ал адамды өсіретін – тәрбие. Ал тәрбие еңбекте. «Ауыл» партиясы еңбек адамын қорғайды», – дейді ол.
Одан кейін сөз кезегін алған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахимжанов ЖСДП-нің бағдарламасындағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
«ЖСДП үшін адамдардың еңбектеніп қана қоймай, тиісті табысқа ие болғаны маңызды. Біз үшін қазірден бастап адамдардың өз елінде бақытты әлі өз еліне қажет екенін сезінгені маңызды. Сол үшін бағдарламамызда зейнет жасын азайту, төлемақыларды көбейту, жұмыс күнін азайту, жемқорлықпен күрес секілді маңызды мәселелерді кіріктірдік. Біздің бағдарламамыз жүйелі әрі тиімді. Біздің Қазақстанның дамуына қатысты көзқарасымыз халықты нақты сұраныстарына негізделген. Біз адамдармен үздіксіз байланыстамыз әрі үнемі кері байланыс алып отырамыз», – дейді ол.
Соңғы болып сөз алған Қазақстан Халық партиясы партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов еңбек адамына айрықша көңіл бөліну керек екенін баса айтты.
«Қазақстан Халық партиясы партиясының ұстанымы елдің дамуы қарапайым еңбек адамы өмірінің жақсаруымен өлшенуі керек. Мемлекеттік саясаттың басты күші – халықтың әл-ауқаты. Еліміздің экономикасы едәуір өскенін қарапайым халық түсіне ала ма? Мемлекеттік қолдау қарапайым еңбек адамы мұны сезінгенде ғана тиімді болады. Еңбек адамы күн сайын жұмыс істеп, ел дамуына үлес қосып жүр. Сондықтан еңбек адамына кеңінен қолдау керек. Біз әр теңгені есеп беруге емес, адамдарға жұмсауымыз керек», – дейді ол.