"Орамал тағып, сәлем саламын": Кәмшат Жолдыбаева келіндік өмірі жайлы айтты

Бүгін, 20:43 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Белгілі әнші әрі актриса Кәмшат Жолдыбаева ана атанғаннан кейін алғаш рет көлемді сұхбат беріп, отбасы мен жеке өміріне қатысты бірқатар жайтты бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі қызды болғанын растағанымен, сәбиінің есімін әзірге жарияламауды жөн көрген. Оның айтуынша, өзі де, жолдасы да жеке өмірін көпшілік назарынан тыс ұстауға тырысады.

"Мен жеке өмірімді ешқашан жариялай бермейтінмін. Өйткені ол – менің алтын қазынам, мен үшін өте құнды. Жолдасымның да ұстанымы сондай. Бұйыртса, балаларымыз өскенде көпшілікке танылғымыз келеді десе, жағдай өзгеруі мүмкін. Бұл – олардың өз құқығы", – деді әнші.

Кәмшат Жолдыбаева үйлену тойын алғашында Алматыда өткізуді жоспарлағанын да айтты. Алайда әулеттің үлкендері мен туыстарының басым бөлігі Ақтөбеде тұратындықтан, тойды сол жақта жасауға шешім қабылдаған.

"Алғашында Алматыда үлкен той жасаймыз деп ойладық. Бірақ ағайын-туыстың көбі, ақсақалдарымыз Ақтөбеде болғандықтан, тойды сол жақта жасаймыз деген шешімге келдік. Дегенмен халыққа жететін жаңалық жетті, суреттер мен видеолар тарады. Ештеңені жасыра алмайсың", – деді ол.

Әнші жұбайымен қалай танысқанын да әңгімеледі. Оның сөзінше, екеуінің жақындасуына ортақ шығармашылық жоба себеп болған.

"Кім кімнің жүрегін жаулады? Білмеймін. Біз бір жобада жолықтық. Бәрі сол жобадан басталды. Содан бері бес жыл өтіпті. Кейін тағы бір жобаға бірге түстік. Бірінші жобада табыстық, екіншісінде ерлі-зайыптының рөлін сомдадық", – деді Кәмшат.

Өнер иесі келіндік міндеттері туралы да айтып, қайын жұртының Ақтөбеде тұратынын жеткізді. Өзі отбасымен Алматыда тұрғанымен, Ақтөбеге барған кезде қазақы дәстүрді сақтайтынын жасырмады.

"Қайын жұртым Ақтөбеде. Ағайын-туыстың көбі сол жақта. Ал біз Алматыда тұрамыз. Ақтөбеге барсақ, бір апта немесе он күнге ғана барамыз. Сол күндері жеңгемін, келінмін, басыма орамал тағып, сәлем саламын. Қалған өмірім осында өтеді", – деді Кәмшат Жолдыбаева.

Тэгтер:

әнші келін Кәмшат Жолдыбаева орамал