Қытай мұнай мен газ өндіру көлемін 440 млн тоннаға дейін арттырады

Бүгін, 17:21 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қытай саланы дамытудың жаңа бесжылдық жоспары аясында 2030 жылға қарай мұнай мен табиғи газдың жалпы өндіру көлемін мұнай баламасымен есептегенде 440 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

ҚХР Мемлекеттік даму және реформалар комитеті мен Ұлттық энергетикалық басқармасы бірлесіп әзірлеген тиісті құжат елдің отын-энергетика кешенін 2026–2030 жылдары дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды.

Шикізат көлемінің артуына байланысты оны тасымалдау үшін Бейжің тағы 20 мың шақырым магистральдық мұнай және газ құбырын салуды көздеп отыр. Бұл онжылдықтың соңына қарай ұлттық құбыр желісінің жалпы ұзындығын 220 мың шақырымға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

— Мұнай мен газ энергияның және өнеркәсіптік шикізаттың негізгі көздері болып табылады, ал оларды жеткізу ҚХР-дың энергетикалық қауіпсіздігімен, ұлттық экономиканың дамуымен және халықтың әл-ауқатымен тығыз байланысты, — делінген құжатта.

Жоспарда сондай-ақ сұйытылған табиғи газды қабылдау терминалдарының қуатын жылына 200 млн тоннаға дейін, ал құрлықтағы құбырлар арқылы газ импорттау көлемін жылына 114 млрд текше метрге дейін жеткізу көзделген.

Өндіріс көлемін арттырудың негізгі нүктелері Ордос, Бохай, Сычуань, Тарым, Сунляо, Жоңғар және Цайдам мұнай-газ бассейндеріндегі стратегиялық өндірістік базалар болады.

Бұған дейін Қытайдағы көмірсутектерді өндірудің жалпы көлемі 2025 жылы мұнай баламасымен есептегенде 420 млн тоннаға жетіп, тарихи максимумды тіркегені хабарланған болатын.

Тэгтер:

Қытай мұнай газ