Астаналық оқушының ғылыми мақаласы Oxford журналында жарияланды

Бүгін, 15:58 / Інжу Әлихан
Астана әкімдігі

Астана қаласындағы Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аэлита Әділханның ғылыми-зерттеу жұмысы халықаралық Oxford Journal of Student Scholarship студенттік ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, жас зерттеушінің «Evaluating the Role of Goat Milk Bioactives in Immune Modulation of Seasonal Allergic Rhinitis» атты ғылыми мақаласы маусымдық аллергиялық ринит жағдайындағы ешкі сүтінің биологиялық белсенді компоненттерінің ықтимал әсерін зерттеуге арналған.

Зерттеу барысында ешкі сүтінің құрамындағы пептидтер, олигосахаридтер және май қышқылдары секілді биологиялық белсенді заттардың иммундық жүйемен байланысы қарастырылған. Автор олардың иммундық жауапты реттеудегі ықтимал рөлін және маусымдық аллергиялық ринит жағдайындағы әсерін ғылыми тұрғыдан зерделеген.

Аллергиялық ринит – маусымдық кезеңдерде көптеген адамның өмір сапасына әсер ететін кең таралған мәселелердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, жас зерттеушінің жұмысы тағам құрамындағы табиғи биологиялық белсенді заттардың иммундық жүйемен өзара байланысын ғылыми тұрғыда қарастыруымен ерекшеленеді.

Әэлита Әділханның мақаласы 2026 жылғы 11 тамызда жарияланған. Зерттеу жұмысына жеке DOI нөмірі берілген.
Жас зерттеушінің халықаралық студенттік ғылыми басылымда мақаласының жарық көруі – оның ғылымға деген қызығушылығы мен зерттеу жүргізу дағдысының нәтижесі. Мұндай жұмыстар оқушылардың академиялық ізденісін арттырып қана қоймай, ғылыми ойлау қабілетін қалыптастыруға және халықаралық білім кеңістігіне шығуына мүмкіндік береді.

Астана қаласының білім беру жүйесінде оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға, ғылыми жобаларға қатысуына және заманауи ғылым бағыттарын меңгеруіне ерекше мән берілуде. Әэлита Әділханның жетістігі – елордалық оқушылардың ғылыми-зерттеу бағытындағы әлеуетін көрсететін жарқын мысалдардың бірі.

Айта кетейік, Аэлита Әділхан бұған дейін де халықаралық ғылыми жобаларға белсенді қатысып келеді. Ол әлемнің әр елінен дарынды оқушыларды біріктіретін Нью-Йорк ғылым академиясының Junior Academy халықаралық бағдарламасына Қазақстаннан өткен бес оқушының бірі атанды. Бағдарлама аясында оқушылар биотехнология, инженерия және тұрақты даму бағыттарындағы ғылыми жобалар бойынша халықаралық командаларда жұмыс істейді.

Сонымен қатар жас зерттеуші волонтерлік және ағартушылық жұмыстарға да белсенді қатысады. Оның 170 сағаттан астам еріктілік тәжірибесі бар. Әэлита ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға фортепиано мен орыс тілінен сабақ беріп, қазақ балаларына ана тілін үйретуге бағытталған жобаларға атсалысқан. Сондай-ақ биоинженерия саласындағы ғылыми жаңалықтарды құрдастарына таныстырып, жастардың ғылымға қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді.